Перейти к содержимому страницы.

ПЕДАГОГИКА ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ҚАРСЫ АЛДЫ

20.03.2024

Марғұлан университетінің жоғары мектептері Наурыз мерекесі қарсаңында жыл сайынғы дәстүр бойынша үлкен үзілісте ұлттық тағамдардан дастархан жайып, шағын концерт ұйымдастырады. Осы дәстүрді педагогика жоғары мектебі жалғастырып, ерекше мерекелік шара өткізді.
Шараға педагогика жоғары мектебінің ұстаздары мен студенттері қатысып, қонақтарға Наурыз дәмін ұсынды.

– Өздеріңіз білетіндей наурыздың 14-і мен 23-і аралығында «Наурызнама» онкүндігі аталып өтілді. Осыған орай әр күн сайын оқытушылар мен студенттер түрлі шаралар ұйымдастырды. Міне жастарымыздың ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жаңғыртуға атсалысуы ерекше қуантады. Наурыздың осынау жарқын мерекесінде баршаға тамаша көңіл-күй, жақсылық, бақыт, береке тілеймін! Оқуда озат, жұмыста табысты болыңыздар, - деді педагогика жоғары мектебінің деканы Ботагөз Нұрмағамбетова.

Әрбір білім беру бағдарламасы қызықты концерттік нөмірлер дайындап, өнер көрсетті. «Педагогика-психология» бағдарламасының студенті Айдана Ахметова мен Айнұр Сүлейманова әннен шашу шашты. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогикасы», «бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының қыздары ұлттық билерден көрініс көрсетті. Ал Динаш Жәкішева қазақтың қара домбырасымен тамаша күй орындап берді.

Шара соңында педагогика жоғары мектебінің деканы профессор Ботагөз Нұрмағамбетова Марғұлан университетінің қоғамдық өміріне белсене қатысқан оқытушылар мен студенттерді марапаттады.

p>