Перейти к содержимому страницы.

ЕҢБЕК ҰТҚЫРЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ТҮЛЕКТЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

24.04.2024

Көп ұзамай төртінші курс студенттері оқуларын тәмамдап, дипломдарын қолдарына алып үлкен өмірге қадам басады. Жас мамандарды мазалайтын бірінші сұрақ жұмыс табу мәселесі. Көбінесе әрбір жұмыс беруші тәжірибелі қызметкер іздейді. Сондықтан, кеше ғана бітірген студенттер тұйыққа тап болады. Бірақ бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың арқасында өз мамандығың бойынша жұмыс тауып, табысты болуға мүмкіндік мол. Осының барлығы Марғұлан университетінің мансап орталығы, облыстық еңбек ұтқырлығы орталығы, қалалық мансап орталығы және аудандық бөлімшелердің өкілдері бас қосқан жиында сөз болды.
– Біз түлектермен тікелей кездесіп, кеңес беруді жөн санадық. Себебі, жастар әлі еңбек нарығына кіре қойған жоқ. Көпшілігі жұмыспен қамту саласында қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенін біле қоймайды. Бүгін біз сіздердің барлық сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз. Сонымен қатар, әр ауданда кәсіптік орталықтың филиалдары бар, сонда барып кеңес ала аласыздар, - дейді Павлодар облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Меруерт Есембаева.
Жас мамандарды жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалар таныстырылды. Мысалы «Алғашқы жұмыс» және «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары жастар үшін тиімді. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға!» жобасының арқасында аттестациядан өткен қызметкерлер жәрдемақы және төмен пайызбен тұрғын үй сатып алуға несие ала алады. Алушыға қойылатын негізгі талап – ауылдық елді мекенде орналасқан ұйымда тиісті мамандық бойынша кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті.

– Өздеріңіз білетіндей, үйден шықпай-ақ қалаған бос жұмыс орнын табуға немесе түйіндемеңізді қалдыруға болатын enbek.kz сайты бар. Жас мамандардың басты мәселесі – тәжірибенің аздығы. Осы мақсатта ұзақтығы 12 айдан аспайтын жастар тәжірибесі бағдарламасы жұмыс істейді, жалақысы 110 760 теңгені құрайды. Бұл алғашқы жұмыс тәжірибесін алудың тамаша мүмкіндігі, - деді Павлодар облысындағы еңбек ұтқырлығы орталығының субсидияланатын жұмыс орындары бөлімінің басшысы Қазбек Жомартов.