Перейти к содержимому страницы.

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ

08.02.2021

Көрнекті ақын-жазушы, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жылдығына орай, әріптесіміз, Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейфитдин Сүтжановтың көлемді сұхбаты облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне шықты.

Төменде сұхбат мәтінін ұсынамыз:

Sutzhanov

– Сейфиддин аға, кеше ғана қазақтың бас ақыны – Абай жылын абыроймен атқарсақ, биыл ағар-тушы Ыбырай Алтынсариннің мерейтойын қарсы алып отырмыз. Ұлт ұстазының қазақ руханиятына сіңірген еңбегін аз сөзбен қалай жеткізер едіңіз?

- Ыбырай Алтынсарин өзінің бар ғұмыры мен күш-қуатын қазақ халқын рухани ағартуға арнады. Әсіресе, жастарға заманауи білім беріп, мәдениет пен өркениет көшіне ілесуге шақырды және сол жолда қыруар жұмыс атқарды. Ыбырайдың жазушылық қызметінің оқу және өнер-білім саласымен тікелей сабақтасуы да осында болса керек. Оның ақындық шабытына дем беріп, жазушылық қиялына қанат бітірген басты нысана – қараңғы  қазақ халқының көзін ашу, көңілін ояту, ұлтымызды озық мәдениетті елдердің қатарына қосу болды. Ыбырай Алтынсарин халық ағарту саласында қандай  елеулі орын алса, әдебиет пен мәдениетіміздің  тарихында да сондай биік дәрежеде тұр. Ақынды қазақтың жазба әдебиеті мен тілінің  негізін  қалаушылардың  бірі ретінде де танимыз. Қазақ әдебиетіне тың серпіліс әкеліп, жаңа жанрлар енгізді. Оның терең ойлы шығармалары, мағыналы да тағылымды өлеңдері, қысқа да нұсқа әсерлі әңгімелері қай дәуірдің жастарына да нәр беріп, сусын болары анық. 
– Қазіргі ыбырайтанушылар «Алтынсарин мектебі болмаса, Алаш қайраткерлері де болмас еді» деген пікір айтады. Осы ретте ұлт ұстазының мектебінен білім алып, тәлім-тәрбиесін түйген тұлғалар туралы айтсаңыз...
– Ыбырай Алтынсарин – қазақтың әдеби-мәдени дүниесін жаңғыртып, жаңа сатыға көтерген алыптардың бірі. Қазақ даласында алғаш мектеп ашып, қаншама баланың көкірек көзін ашып, санасына рухани сілкініс әкелді. Олардың қатарында Алаш зиялылары да бар. Оларды ұлы мақсат-міндеттер жолына итермеледі әрі ұлтшыл-елшіл көзқарастарының қалыптасуына оң әсерін де тигізді. Нақтылай айтқанда, С.Көбеев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Омаров сынды басқа да көптеген Алаш арыстары осы Ыбырай негізін қалаған мектепте білім алған екен. 
Ұлт ұстазы – Ыбырай жасөспірімдерге: 
- Оқысаңдар, балалар, 
Шамнан шырақ жағылар, 
Тілегенің алдыңнан, 
Іздемей-ақ, табылар, 
немесе 
- Өнер-білім бар жұрттар, 
Тастан сарай салғызды,
деп озық елдерді жастарға үлгі етті. Өз кезегінде Ыбырай мектебін оқығандар да халықтың білім алуы жолында үгіт-насихат жүргізіп, ұлт алдында ұлан-ғайыр қызмет қылды. Мәселен, «ұлт ұраншысы» атанған М.Дулатұлы: «Оқушыларға жәрдем жамиғаты» атты мақаласында: «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман», – деп, оқу-білімнің маңыздылығын айтты. 
Ы.Алтынсариннің:
Бар айыбым - баласын оқытқаным, 
Орыстың біліміне тоқытқаным, 
«Орыссыз кеңеймейді өрісің» деп, 
Айтқанымнан атандым «кәпір, залым», деген әйгілі өлеңін барлығымыз білеміз. Соған қарағанда ұлт ұстазын «отарлаушы елдің идеологиясын жүргізуші» деп айыптағандар да болған ғой...
– Ыбырай атамыздың тікелей қарым-қатынас жасаған ортасы мен қызметіне байланысты әр жылдары әртүрлі ой-пікірлер айтылып, жазылғаны белгілі. Мұндай жаңсақ пікірдің пайда болуына әртүрлі жағдайлар себеп. Соның бірі – Ресей империясының отарлау саясатын іске асырушы миссионер-педагогтар В.В.Григорьев, Н.И.Ильминский сынды орыс оқымыстыларымен тікелей қарым-қатынаста болуы. Бірақ, олар Ыбырай Алтынсариннің ғылыми-педагогикалық өрісінің кеңеюіне, игі істерінің алға басуына белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Ал Алтынсариннің олармен шығармашылық байланыста болуының басты себебі – өзінің ағартушылық жолындағы ұлы істерін орындау мақсатындағы әрекеті десек болады. 
– Ыбырай атамыздың тұлғасын бүгінгі жастар қай деңгейде таниды? Ақын шығармашылығы мектептер мен жоғары оқу орындарында қалай оқытылуда?
- Ақынның «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық» деген атақты өлеңінен бастап, оның танымдық-тәрбиелік маңызы зор әңгімелері мен аудармаларының барлығы мектеп оқулықтарында бар. Ал жоғары оқу орындарында «Қазақ әдебиетінің тарихы» пәнінен Ы.Алтынсарин шығармашылығына арнайы сағат бөлініп, дәріс пен тәжірибе сабақтары белгіленген. Мәселен, «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» пәнін өту кезінде Ы.Алтынсарин шығармашылығына толыққанды тоқталып, оның «Қазақ хрестоматиясы» мен оқу-әдістемелік негізде жазған туындыларымен толық таныстырамыз. 
– Биылғы мерейлі дата қарсаңында ақын мұра-
сын насихаттауда нақты қандай іс-шаралар жүргізілуі керек деп ойлайсыз? Негізі, Павлодар педагогикалық университетінде бұл бағыт-тағы жұмыстар әлдеқашан басталып кетті ғой...
- Ыбырай Алтынсариннің еңбегіне жаңаша баға беру, қазақ руханиятындағы рөлін айқындау және шығармашылығын насихаттау – 
бізге тиесілі негізгі міндеттердің бірі. Биылғы мерейтой қарсаңында барлық ЖОО-ларда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізілсе құба-құп болар еді. Сондай-ақ, мектептерде жаппай «Ыбырай оқулары» өткізілуі тиіс деп ойлаймын. Ал, біздегі шараларға тоқталар болсам, университет жанындағы «Ұлағат» орталығы Ыбырай  Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына және қоғамдық қызметіне қатысты көптомдық кітап құрастыруды қолға алған болатын. Бастамамыз сәтті аяқталды. Әрине, ол үшін алдымен алғашқы қазақ ағартушысының туып-өскен өңіріне ат басын бұрдық. Қостанай, Арқалық қалаларына іссапар ұйымдастырып, ол жақтағы мұражайлардан мол мағлұматтар мен суреттер галереясын кездестірдік. Және ғылыми танымдық мақалалар мен естеліктер жинастырдық. Сол Қостанай, Арқалық мұражайлары мен Алматыдағы ғылыми кітапхана қорынан жинастырып алынған материалдардың пайдасы зор болды. Кітаптың бірінші томы «Ыбырай Алтынсарин: ғұмырнама» деген атаумен құрастырылды. Жинаққа Ыбырайдың шыққан тегі, өскен ортасы және қызметтік жолы туралы жазылған естеліктер мен мақалалар топтастырылды. Екінші томға қалыптасу жолындағы саяси қызметтері жөніндегі жазбалары мен педагогтік, шығармашылық еңбектері туралы мақалалар жинақталды. Ал, үшінші томын «Ыбырай Алтынсарин және қазақ жазба әдеби тілі» деп атадық. Оған осы тақырыпта жазылған әдебиетші ғалымдардың еңбектері енгізілді. Төртінші  томына ақынның әлеуметтік, қоғамдық, діни-философиялық, саяси-құқықтық т.б. көзқарастарына қатысты түрлі зерттеулер  мен  мақалалар  жинақталып  берілді. Ал соңғы кітапқа ұлт ұстазының дара тұлғасын суреттеген әртүрлі жанрдағы көркем шығармалар топтастырылды. Дегенмен, жинақтың таралым саны аз болды. Барлығы қаражатқа келіп тірелетіні белгілі ғой. Сондықтан аталмыш көптомдықтың көп данамен қайта шығуына билік тарапынан қолдау білдірілсе деген ұсыныс бар.
– Әңгімеңізге рақмет!


                                                                                                                                                           Сұхбатты жүргізген - Тілеуберді САХАБА.