ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ ЕКІ КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
17.12.2024
Бүгін ел руханияты тағы бір баға жетпес құнды рухани мұрамен толықты. С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ұлттық археология институтының негізін салушы ғалым, академик Әлкей Марғұланның «Ежелгі қазақ тайпалары және қазақ хандығының құрылуы», «Қазақтың сал, серілік дәстүрі» атты екі кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Асайын Байханов, Әлкей Хақанұлының қызы Дәнел Марғұлан қатысып, осы өнегелі де өрелі істің басында жүрген азаматтарға алғыс айтты.
Қос кітаптың тұсаукесер рәсімін жасаған Дәнел апамыз бір-бір данасын Асайын Қуандықұлына сыйлап, академиктің аруағын құрметтеп, азаматтардың еңбегін қолдап келгені үшін ризашылығын білдірді.
Шараға Марғұлан университетінің басқарма мүшелері мен оқытушылары да қатысып, академиктің ғылыми мұрасын насихаттау жолындағы жұмыстар туралы баяндады.
-Бүгін біз Академик Әлкей Марғұланның жаңа туындыларының тұсау кесер рәсімінде бас қосып отырмыз. Бұл шара – тек жаңа кітаптартың тұсауын кесу ғана емес, ұлт руханияты мен ғылымының ұлы тұлғасын ұлықтау, оның мұрасын жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам. Академик Әлкей Марғұланның тарих, археология, этнография, әдебиет, қолданбалы өнер, сәулет, металлургия салаларында жазған 300-ден астам ғылыми еңбегі мен 100-ден аса энциклопедиялық мақаласы бар. Әлкей Марғұланның еңбектері әлемнің түрлі тілдеріне аударылып, халықаралық деңгейде жоғары бағаланды,-деді Марғұлан университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин.
Бұл кітаптар белгілі кәсіпкерлер Ербол Омаров және Қайрат Ибраев сынды азаматтардың қаржылай қолдауымен жарық көргенін айта кету керек.