Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ ГОНКОНГ УНИВЕРСИТЕТІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУДА

23.04.2024

Марғұлан университетінің Гонконг білім университетімен ынтымақтастығы 2023 жылдың тамыз айында педагогикалық консорциумның құрылуымен басталды. Нәтижесінде университет оқытушылары EdUHK біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша оқу курсынан өтті.
Марғұлан университеті өкілдерінің Гонконг білім университетіне сапары аясында екі ЖОО басшылығы арасында кездесулер өтіп, онда ынтымақтастық пен одан әрі өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

EdUHK президенті, профессор John Lee Chi-Kin университеттің әлемдік және ұлттық рейтингтердегі орнын таныстырып, бірлесіп жұмыс жүргізу мүмкіндіктері туралы айтты. Білім беру саясаты және көшбасшылық департаменті, Ғылым және экологиялық зерттеулер департаменті, мектепке дейінгі білім беру департаментінің өкілдерімен кездесулерден кейін тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер мен академиялық алмасу бағдарламасы туралы келісімге келді. Сондай-ақ, Мектепке дейінгі білім беру бойынша қос дипломды бағдарламаны әзірлеу мүмкіндіктері талқыланды.
Гонконг университетіне (The Hong Kong University) сапары нәтижесінде Margulan University білім беру факультетімен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты, ол университеттер арасында білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық алмасуын; екі университеттің магистранттары мен докторанттарының және ғалымдарының тағылымдамадан өтуін; педагогика саласындағы бірлескен ғылыми ынтымақтастықты; қос дипломды бағдарламаларды және бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға бағытталған.

2023 жылдың қазан айында Маргулан университетіне Гонконг университетінің өкілі - ғылым докторы, практик профессор Кэтрин Чан (Catherine Chan) келген болатын. Ол ЮНЕСКО-мен бірлесіп ұйымдастырылған халықаралық конференцияда баяндама жасады. Профессор Кэтрин Чан сонымен қатар Марғұлан университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлері үшін «Педагогикалық кадрлардың өзгеріс жағдайларда кәсіби дамуы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік курс өткізді.

Айта кету керек, Гонконг университеті (The University of Hong Kong, HKU) 1911 жылы құрылған Гонконгтағы ең көне жоғары оқу орны болып табылады. Британдық «Times Higher Education» журналының рейтингі бойынша Гонконг университеті Азияда төртінші, әлемде отызыншы орында.