Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

21.03.2024

Ұлыстың ұлы күні, Әз Наурыз мерекесін барша қазақ даласы дүркіретін өткізіп жатыр. Барша түркі жұртының жыл басы, береке мен бірліктің ұйытқысы саналанын ұлық мерекені Марғұлан университетінің ұжымы да сән-салтанатпен атап өтті. Әрдайым жақсылықтың жаршысы бола білген Қыдыр ата төрімізге шығып, ұлыс күніне арналған ақ батасын берді. Ал әрбір шаңырақтың шаттығына айналған ақ жаулықты әжелер жиналған қонақтардың құрметіне шашу шашып, ұлы тойдың шымылдығын ашты.

-Құрметті ұстаздар мен студенттер және университет қызметкерлері! Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Күн мен түннің теңеліп, жер жүзі қайта түлейтін осы мерекені ата-бабаларымыз жыл басы – Ұлыстың ұлы күні деп ұлағаттаған. Биыл Наурыз мерекесі мұсылман қауым үшін қасиетті саналатын Рамазан айымен бірге келді. Мұны да жақсылықтың бастауы деп санаймыз. Жыл басы Отанымызға береке, халқымызға игілік, мемлекетімізге молшылық әкеліп, әр шаңыраққа шаттық сыйласын, - деген ізгі тілегін білдірді университет басшысы Жанбол Октябрьұлы.

Наурыз мерекесі қарсаңында түрлі салт-дәстүрлер орындалып, ізгі тілектер мен ақ баталар айтылатын жақсылықтың бастауы. Осы күні Марғұлан университетінің ректоры Жанбол Жилбаев мерекеге арнайы келген кішкентай қонағымыз – Айбат Абзалұлының тұсауын кесіп, аталар ақ батасын берді.

Мерекелік шара студенттік филармония өнерпаздарының концертімен жалғасын тапты. «Алаш аманаты» ансамблі, «Қыздар-ай», «MUart», «Ару» триосы, «Самұрық» би тобы сынды өнер ұжымдары, Салтанат Қисатова, Абзал Абдоллаев, Бексұлтан Қайдаров, Айсәуле Расола, Аружан Мейрам, Әлнұр Уахит және т.б. өнерпаздар мерекеге жиналған қауымға ән мен күйден тарту жасады.

Ал, университет аумағындағы мерекелік алаңның тағы бір бөлігінде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар жүрілді. Атап айтсақ, асық ату, арқан тарту және гир тасын көтеру, мергендер сайысы, қол күресі сынды спорттық жарыстар өтті. Сайыста студенттермен қатар, оқытушылар да қатысып, өз өнерлері мен күштерін көрсетті. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар үлестірілді.