Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ МОНГОЛИЯҒА ІС-САПАРМЕН БАРДЫ

27.03.2024

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім бағдарламасының жетекшісі Бағлан Мағауқызы Жапарова Монғолияға іс-сапармен барды.   Монғолия мемлекеттік білім университетінің Баян-Өлгей аймағы филиалының директоры, PhD доктор Жылқайдар Қуанғанның ұсынысымен «Бастауыш білім» бағдарламасында оқитын студенттерге балалар әдебиеті пәнінен дәріс оқуда. Іс-сапар академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жергілікті оқытушыларға «Қазіргі білім беру жағдайындағы педагогтердің кәсіби құзыреттілігі» тақырыбында семинар-курсын өткізіп жатыр. Бұдан бөлек, студенттер үшін кәсіби бағдар жұмыстары да жүргізілді.

Осы кездесу аясында екі университет арасындағы ынтымақтастық байланыс тереңдей түспек. Мәселен, «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» және «Мектепке дейінгі білім беру» бағдарламалары студенттеріне арналған қос диплом бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты дайындық жұмыстары да жүргізілуде. Монғолия мемлекеттік университетінің Баян-Өлгей аймағы филиалының директоры Ж.Қуанған бастаған профессорлық-оқытушылық құрамнан жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс тобы қос диплом бағдарламасының қос тарапқа тиімділігін ашып, кездесетін қиындықтарын жан-жақты талқыламақ. Сонымен қатар, келесі оқу жылына академиялық ұтқырлық аясында екі университет студенттері үшін тәжірибе алмасу жұмыстарын бастау мәселесі де талқыланды.

Қос дипломдық жоба бүгінде әлемдік тәжірибеде өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Бұл әсіресе бүгінде көрші елде тұратын және болашағын Қазақстанмен байланыстыратын қазақ студенттері үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Сондықтан, болашақта екі оқу орын арасында қос дипломдық жобасы қолға алынуы ықтимал. Егер бағдарлама іске асса Монғолиядағы қазақ студенттері Атамекенге келген жағдайда немесе Қазақстанда оқыған студенттер жұмыс бабымен, отбасылық жағдайымен Монғолияға барған жағдайда екі елдің дипломын бірдей алады.  Бұл бағдарламаға қатысатын студенттер  4 жылдық бакалавриаттың екі жылын Монголияда, екі жылын Қазақстанда оқитын болады.

Павлодарлық ғалым Бағлан Мағауқызы Баян-Өлгейдегі «Дербес» телевизиялық каналының журналисіне сұхбат беріп, жергілікті қандастар үшін қос дипломдықтың бағдарламаның артықшылықтарын айтып берді.