Перейти к содержимому страницы.

АЛМАТЫДА ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ РЕСЕЙ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫН РЕКТОРЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

29.03.2024

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орын ректорларының «Жоғары білім мен ғылымның өзекті тенденциялары» тақырыбында ІІ форумы болды. Ауқымды жиын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен РФ Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен өтті. Форумның пленарлық кезеңі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде басталып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жалғасты. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, жоғары білім мен ғылымды дамытудың өзекті мәселелері туралы айтты. Форумға Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысып, баяндама жасады. Университет басшысы өз баяндамасында Марғұлан университетінің тарихымен таныстырып, Ресей жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы айтты.

- Біз ресейлік академиялық қоғамдастықпен ежелден бері тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз. Соңғы 5 жылда біз ресейлік жоғары оқу орындарымен 20 келісім-шарт жасастық. Академиялық ұтқырлық аясында студенттеріміз Новосибирск мемлекеттік педагогикалық университетінде, Новосибирск мемлекеттік техникалық университетінде, Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономика университетінде, Алтай мемлекеттік университетінде білім алып, өндірістік тәжірибеден өтті, - деді Жанбол Октябрьұлы.

Сонымен қатар, Марғұлан университетінің ғылым және академиялық, өнер және спорт саласындағы жетістіктерге тоқталып, студенттерді жан-жақты дамытуға арналған әлеуметтік-стратегиялық маңызы бар жобаларды таныстрырды. Мәселен, өткен жылы еліміздегі бес университеттің қатарында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Интегралды GPA жобасын енгізіп, сәтті жүзеге асыруда. Жоба аясында бакалавриат бойынша бірінші курс студенттері үшін бағалау жүйесі енгізілді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауының арқасында 1500 студент Coursera платформасында оқыды, онда олар әлемнің жетекші университеттері мен ұйымдарының кең ауқымды курстарына қол жеткізіп, сол арқылы жаңа тақырыптарды меңгерді. Студенттердің қосымша дағдыларын дамыту масқатында «Шамшырақ» көшбасшылық академиясы құрылып, өз жұмысын сәтті жүзеге асыруда. Бүгінде университет қабырғасында 22 студенттік ұйым жұмыс істейді.