Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ

24.10.2024

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысып, ұжымды осы маңызды мемлекеттік мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, ЖОО мен отандық білім беруді дамытуға елеулі үлес қосқан қызметкерлерге, оқытушыларға бірқатар марапаттар табыс етті.

- Бұл мереке елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның басты символы. Сондықтан, бұл күннің тарихымыз бен Тәуелсіздігіміз үшін маңызы өте зор. Мереке қарсаңында барша қазақ елінің жеткен жетістігі, ұлттық стратегиялық мүддесі насихаталып, жас ұрпақтың патриоттық сезімін күшейтетін ұлттық және мемлекеттік нақыштағы маңызды жұмыстар жүргізілуі керек, - деді Жанбол Жилбаев.
Университет басшысы сонымен қатар, ағымдағы жылы атқарылған маңызды жұмыстар мен игі істерді де атап өтті.

Жиын барысында елеулі еңбек еткен қызметкерлерге ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты және басқарма төрағасының Алғыс хаты табыс етілді. Сонымен қатар, "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісінің үздігі" құрмет дипломы, "Ғылым үздігі" құрмет дипломы, "Тіл жанашыры" құрмет дипломы, "Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісі өз иелерін тапты.

Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры ӘДілбек Әміренов "Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен, профессор Зифа Темірғазина "Ахмет Байтұрсынұлы" төсбелгісімен марапатталды.
Осы мереке қарсаңында университеттің ғылым-білім беру қызметін дамытуға қосқан зор үлесі үшін 60-тан астам қызметкер мен педагог Құрмет грамоталарын алды. Бірқатар қызметкер Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағы ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Іс-шара студенттік филармония өнерпаздарының мерекелік концертімен аяқталды.