Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ XIX АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯНЫҢ АШЫЛУЫ БОЛДЫ

19.04.2024

Бүгін - халықаралық «Ескерткіштер мен тарихи орындар» күні. Осыған орай Марғұлан университетінде «Ұлы дала» көне жәдігерлерін зерттеу бойынша XIX археологиялық экспедицияның салтанатты ашылуы болды. Археологиялық қазба жұмысы маусымы барысында университет ғалымдары мен студенттері Ертіс өзені алқабын және Баянауылдағы ежелгі қорғандарды, Солтүстік және Шығыс Қазақстандағы қалашықтар мен кесенелерді зерттеуге қатысады. Дала жұмыстарының салтанатты ашылуымен гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Анара Кәрімова құттықтап, ұстаздар мен студенттерге сәттілік тіледі.

- Студенттерді ғылымға бейімдеу біз үшін өте маңызды. Біздің университет Әлкей Хақанұлы Марғұланның есімін алғаннан кейін жауапкершілігіміз арта түсті. Сондықтан, студенттер ғылым жолына, соның ішінде археология саласына көбірек бет бұруы керек. Әлкей Марғұлан 1946 жылы далалық экспедицияларды бастаған кезде басынан түрлі жағдайлар өтті. Бірақ, ол қиындыққа мойымай өз міндетін атқарды. Жақында Франциядан бір ғалым келіп, пәнаралық тәсіл бойынша ізденіс жүргізіп жатқанын айтты. Ал Әлихан Бөкейханұлы, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды біздің ұлы ғалымдарымыз осыдан жүз жыл бұрын пәнаралық тәсілді ғылым жолына қолданған, сондықтан осы бабаларымыздан үлгі алсаңыздар үлкен жетістікке жетесіздер,-деді Анар Еркенқызы.
Университет жанындағы археологиялық ғылыми зерттеу институтының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, студенттер археологиялық экспедиция жұмыстарын Байдалы ауылы аумағында қимақ-қыпшақ кезеңіне жататын көне жәдегерлерді зерттеуден бастайды.
Жиынғы тарих ғылымдарының докторы, профессор Юлия Лысенко, археологиялық практиканың жетекшісі, «Тарих» ББ оқытушысы Асқар Абильдин қатысып, жас археологтарға сәттілік тіледі.
Осыдан кейін Асқар Құралысұлы еліміздің көне тарихын зерттеуге қажетті басты атрибут-далалық зерттеулер күнделігін тарих мамандығының студенттері Ибраев Диас пен Қаламова Аружанға табыс етті. Бұл археологтар үшін 2024 жылғы далалық зерттеулердің басталғанын білдіретін ресми рәсім.

Шара соңында қатысушылар академик Әлкей Марғұланның ескерткіш-мүсіні алдына гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.