ВИЦЕ-МИНИСТР «MARGULAN CENTRE» ОРТАЛЫҒЫМЕН ТАНЫСТЫ
05.12.2022
Халықаралық ғылыми конференцияға арнайы келген ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері, алыс-жақын шетел ғалымдары Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің «Margulan Centre» археологиялық орталығымен танысты.
Құрметті қонақтарды орталық директоры Нұрлан Смағұлов қарсы алып, оларға ғылыми орталық қызметімен таныстырды. Орталық жұмысының негізгі бағыттары: Ежелгі және ортағасырлық көшпенділердің археологиялық мұраларын, Қимақ қағанаты, Алтын Орда және Қазақ хандығының мемлекеттілігінің ескерткіштерін, Солтүстік Сарыарқаның киелі мұраларын зерттеу.
Марғұлан орталығында 4 жеке ғимаратта орналасқан 6 ғылыми-зерттеу зертханасы бар. Одан бөлек Торайғыр көлінде жыл сайын археологиялық, тарихи-этнографиялық экспедициялар өткізетін салалық ғылыми станция бар. Негізгі ғылыми бағыты: Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстан.
Қонақтар XVIII ғасырдағы қазақтың атақты мемлекет қайраткері, Абылай ханның жақын серігі әрі немере ағасы Сұлтанбет сұлтанның үй-жайын аралады. Қазақстанның археология ғылымындағы жаңалықтарды әзірлеу, енгізу, еліміздің археологиялық мұрасын сақтау және зерттеу саласында білікті мамандарды даярлаумен айналысатын Margulan Centre орталығының Эксперименттік археология зертханасында болды. Сондай-ақ, орталықтың ғалымдары анықтаған «Үржар ханшайымы», «Қимақ арбасы», Әулиекөл қорымынан шыққан Алтын Орда дәуірі билеушілерінің кесенелері сынды ежелгі және ортағасырлық көшпенділер қорғандарының археологиялық зерттеуде қолданылған томографиясының бірегей технологиясын тамашалады.
-Бүгін біз алғаш рет Абай облысы Жарма ауданында орналасқан Желдіқара қорғандарындағы алтынмен әшекейленген қорымдарды зерттеудің алғашқы нәтижелерін көрсетіп отырмыз. Бұл бейіттерді зерттеу жұмыстары «Margulan Centre» ғалымдары Алматыдағы «Қырым аралы» ғылыми-реставрациялық зертханасымен бірлесіп жүргізілуде, - деді Тимур Смағұлов.
Археологиялық реконструкция зертханасы Қимақ қағанаты жауынгерінің алғашқы ғылыми реконструкциясын көрсетті. «Қазақстанның ортағасырлық көшпенділерінің қару-жарақ кешендерін қайта құру археологиялық, суреттік және жазбаша дереккөздерді талдау негізінде жасалған. Жұмыс барысында шабуыл және қорғаныс қаруларының элементтері талданып, қайта құрастырылады. Бұл садақтар, жебелер, дөңес, қылыштар, найзалар, снарядтар, шынжырлы темірлер, дулығалар», - деді Тимур Нұрланұлы.
Қонақтар «Margulan Centre» базасында оқу үдерісін цифрландыру және гуманитарлық ғылыми ортаға пәнаралық тәсілдерді енгізу аясында әзірленіп жатқан GIS – археологияның студенттік оқу зертханасында болды. Делегация өкілдері Солтүстік-Шығыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұра нысандарын картаға түсіру және аэрофототүсіру, цифрлық бекіту және археологиялық нысандарды 3D модельдеу бойынша зерттеулермен танысты.
Сондай-ақ Орталық Азияның тарихи-мәдени мұра объектілерін консервациялау және реставрациялау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған YMAI халықаралық зертханасында болды. Зертханада өте нәзік және қысқа мерзімді материал – археологиялық тоқыма бұйымдарын сақтау және зерттеу әдістері әзірленеді.
Орталықта көрнекті археолог, «Margulantanu» кабинеті жұмыс істейді. Экспозицияда академик Әлкей Марғұланның жеке заттары, отбасы мұрағатындағы фотосуреттер, құжаттардың көшірмелері мен қызы Дәнел Әлкейқызы Марғұлан тапсырған қолжазбалар қойылған.
Университет ғалымдары Данел Әлкейқызымен бірге 2024 жылы академик А.Х.Марғұланның 120 жылдығы аясында ашылатын мемориалдық мұражайға материал жинауда.