УНИВЕРСИТЕТТІҢ МЕКТЕПТЕРМЕН ӘРІПТЕСТІГІ КЕҢЕЙЕДІ
13.02.2023
Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев Ш.Шөкин атындағы мектеп-гимназиясының ұжымымен кездесті. Кездесуге Марғұлан университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ольга Андрюшенко, қабылдау комиссиясыынң хатшысы Гүлнәр Мұсанова, өнер және спорт жоғары мектебінің деканы Валентина Лебедева қатысты. Кездесудің басты мақсаты – студенттердің педагогикалық тәжірибе өтіп жатқан орнымен танысу, мұғалімдердің ұсыныс-пікірлерін тыңдау және университет пен мектеп арасында тығыз әріптестік байланыс орнату.
«Бүгінгі таңда орта мектептердің білім беру саласын реформалау бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Сондықтан, болашақ мұғалімдердің кәсіби дайындығына қойылатын талаптарға сай болуымыз керек. Біз бұрын орта мектептермен тығыз байланыста жұмыс істейтін едік. Өкінішке қарай соңғы пандемиякезеңінде мектептермен сол байланысты жоғалтып алдық. Ал бүгінгі таңда жұмыс берушілермен жиі кездесіп, кеңесіп отыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, студенттеріміздің педагогикалық практикасына жетекшілік ететін мұғалімдермен кездесіп, студенттеріміздің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда қандай мәселеге назар аудару керектігін талқылап, білгіміз келеді»,-деді Жанбол Октябьұлы.
Мектеп – гимназия педагогтары ЖОО өкілдерімен бірге студенттердің педагогикалық практикадан өтуін талқылады. Директор Светлана Завальная өз сөзінде Марғұлан университетінен әртүрлі пән бойынша көптеген студенттер келгенін атап өтті. Сонымен қатар, болашақ мұғалімдерді даярлау бойынша бірлескен жұмысты күшейтуді, мұғалім, оқушы және ата-ана деңгейінде ынтымақтастық орнатуды, ата-аналарға арналған дәрістер құруды ұсынды. Студенттерді кәсіби даярлау, кейбір пәндердің мазмұнын қайта қарау, компьютерлік сауаттылықты қалыптастыру, ақпараттық технологияларын қолдану, студенттерді практикалық қызметке психологиялық даярлау мәселелер бойынша ұтымды идеялар айтылды.
Марғұлан университеті Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ольга Андрюшенконың сөзінше, өткен жылдан бастап студенттерді педтәжірибеге дайындайтын психологиялық апталықтар ұйымдастырылып келеді. Ал практиканы кезең кезеңмен өту еңгізілді: Курстардың деңгейіне байланысты екі апта, алты апта және он аптаға жоспарланған.
- Тәжірибелі мұғалімдер студенттер мен түлектердің психологиялық бейімделу мәселесін дұрыс атап өтеді. ЖОО-да біз теориялық білім береміз және әдістеме бойынша сабақ жүргізу үшін мектептен практиктерді тартамыз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Осы ретте педагогикалық тәжірибеде мектепте мұғалімдердің тәжірибелік сабақтарын өткізетін зертхана ортасы қалыптасуда. Міне, осындай бірлескен іс-әрекеттермен ғана біз студенттерді өз мамандығына психологиялық және әдістемелік тұрғыда бейімдей аламыз, - деді Ольга Константиновна.
Кездесу соңында Марғұлан университетінің ректоры Жанбол Жилбаев мектеп басшысы Светлана Завальнаяны университеттің 60 жылдық мерекелік медалімен марапаттады.
Естеріңізге сала кетейік, Шапық Шоқин атындағы мектеп-гимназия – қаланың ең ірі мектептерінің бірі, мұнда екі мыңнан астам оқушы оқиды. Мектеп түлектері жыл сайын пәндік олимпиадаға қатысып, Margulan university грантын иеленіп жүр. Биыл бұл мектепте биыл «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Көркем еңбек», «Дене шынықтыру», «Орыс тілі және әдебиеті», «Шет тілі: Екі шет тілі», «Физика», «Физика-Информатика» білім беру бағдарламаларының студенттері практикадан өтуде.