Т.КРУПА ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АМЕРИКА УНИВЕРСИТЕТІНДЕ (ҚЫРҒЫЗСТАН) ДӘРІС ОҚЫДЫ
27.11.2024
2024 жылдың қазан айының аяғы мен қараша айының соңына дейін Археологиялық зерттеулер институты жанындағы «UMAI» мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру зертханасының меңгерушісі Крупа Татяна Қырғызстанда іссапармен болып, «Археологиядағы консервацияға және қалпына келтіруге кіріспе» курсына қатысты. Бұл Орталық Азиядағы Америка университеті мен Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде жүзеге асырылды. Біздің археолог «Ғасырлардағы киімдер: Орталық Азиядағы элиталық тоқыма бұйымдары» тақырыбында ашық дәріс оқыды.
Дәріске оның авторлық курсының студенттері, ғылыми аудитория өкілдері, соның ішінде Қырғызстанның Ұлттық тарихи мұражайының қызметкерлері мен Украинаның Қырғызстандағы елшілігінің өкілдері қатысты.
Татяна Крупа өз дәрісінде археологиялық тоқыма бұйымдарын қалпына келтірудің қыр-сырына тоқталып, Алтын Орда дәуіріндегі Болған Ана киімі (Қазақстан) және Орта-Токойдан (Қырғызстан) XI ғасырға жататын жібек тоқыма бұйымдары сияқты бірегей олжалардың үлгілерін ұсынды. Орталық Азия элитасының әлеуметтік жағдайын көрсететін ежелгі жібек өндірісінің технологияларына ерекше назар аударылды.
Орталық Азиядағы Америка университетінің президенті Тимоти О'Коннор іс-шараға қатысушыларды құттықтап, мәдени мұраны сақтау үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын және де археологиялық мұраны сақтау саласында реставратор мамандарын даярлау мәселесі ерекше өткір тұрғанын атап өтті.
Тетяна Крупа қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, мұндай бастамалар академиялық және кәсіби байланысты нығайтып, жаңа технологияларды дамытуға және тәжірибе алмасуға ықпал ететінін атап өтті. Ол Марғұлан университеті және Орталық Азиядағы Америка университеті арасындағы академиялық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай тәжірибе алмасу студенттер мен мамандардың кәсіби дамуына ықпал етеді, сонымен қатар мәдени мұраны сақтау саласындағы халықаралық байланысты нығайтады.