Перейти к содержимому страницы.

РЕКТОР ТҮЛЕКТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

16.11.2022

Оқу жылының аяқталу уақыты жақындаған сайын келесі жылы оқу бітіретін түлектер үшін жауапкершілік жүгі ауырлай түседі. Себебі олар 4 жыл бойы жинаған білімдерін дәлелдеп, қолдарына дипломдарын алып, өздері қалаған жұмысқа қол жеткізуі керек. Ең бастысы – Ұлттық біліктілік тестілеуінен сүрінбей өту. Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Жанбол Жилбаев 2022-2023 оқу жылының түлектермен кездесіп, студенттердің практикадан өту, ұлттық біліктілік тестілеуін нәтижелі тапсыру және жұмысқа орналасу мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап беруде. Түлектермен кездесу екі күнге жалғасуда. Бүгінгі жиынға Баянауыл ауданы М.Әуезов атындағы Майқайың орта мектебінің директоры Самал Мәжитова қатысып, жас мамандарға көрсетілетін көмек, жасалатын жеңілдіктер туралы айтты.

- Біздің студенттер екінші жыл қатарынан ұлттық біліктілік тестілеуін тапсыруда. Нәтижелері жаман емес. Алдағы уақытта да сынақ тапсыру кезінде және мектепке жұмысқа орналасу кезінде қандай мәселеге көңіл аудару керектігін сіздерге айтатын боламыз. Жұмыс беруші мектеп өкілдері де өз кеңестерін береді, - деді Жанбол Октябрьұлы.

Майқайың орта мектебінің директоры Самал Мәжитованың сөзінше, ауыл мектептерінде жас маманның жұмыс істеп тәжірибе жинақтауына, өзін өзі кәсіби тұрғыда дамытуына және әлеуметтік жағдайын жақсартуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан, түлектердің барлығы бірдей қалалық мектептерді таңдамай, ауылдық жерлерге де жұмыс істеуге келуі керек дейді. Биылғы оқу жылының басында Майқайың мектебіне 6 жас маман жұмысқа барған. Соның барлығы Павлодар педагогикалық университетінің түлектері екен. Олардың барлығы ұлттық біліктілік тестілеуінен сүрінбей өткен. Бұл жерде ППУ профессорлық-оқытушылық құрамның еңбегі зор екенін айтады мектеп директоры.

- Алдымен мектептерге қандай ұстаз қажет деген сұраққа т оқталайын. Бүгінгі мектептерге заманауи технолгияны меңгерген заманауи ұстаз керек. Яғни, университет қабырғасында жинаған теориялық білімін практикада ұштастыра білетін жан-жақты қабілетті болуы шарт. Ең бастысы баланың жүрегіне жол таба білуі. Соңғы уақытта педагог мамандығына деген жауапкершілік артты. Соған сәйкес түсу балы да жоғарлап, жас ұстаздардың мектепке орналасу талабы да күшейді. Атап айтар болсақ, ең бірінші дипломға емес, ұлттық біліктілік тестінің қорытындысына қараймыз. Бұл сіздің төрт жыл оқыған біліміңізді дәлелдейтін құжат. Сондықтан, қазірден бастап сол сынаққа дайындықты бастап кету керек. Тесттен өткен түлектер әңгімелесуге шақырылады. Ал ауылға келетін жас мамандарды алдымен үймен қамтамасыз етеміз. Одан кейін бір реттік қайтарымсыз көтерме ақы беріледі. Сонымен қатар, тұрақтап қалатын адамдарға төмен пайызбен ипотекалық несие беріледі. Ал тәжірибелі мұғалімдер жас маманның қалыптасуына көмегін көрсетеді, - деді Самал Сақтасынқызы.

Мектеп директорының сөзінше, Майқайың кентіне қажетті мамандардың бос орындары «Enbek.kz» порталында қаңтар айында жариялана бастайды. Ауылға негізінен математика, ағылшын тілі, орыс тілі мұғалімдері мен психолог мамандар қажет. Кездесу барысында университет түлектері де өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, жауабын алды.