РЕФЕРЕНДУМ: ЕЛ БОЛАШАҒЫ – ӘР АЗАМАТТЫҢ ҚОЛЫНДА!
24.05.2022
Конституцияға бүкілхалықтық референдум арқылы өзгеріс енгізу – жаңа Қазақстанның ең басты қадамы. Бұл саяси науқанның қорытындысын анықтауда әр қазақстандықтың даусы маңызды. Бүгін облыстық қоғамдық штабтың өкілдері Павлодар ауданындағы «Turkey PVL» ет өңдеу кешенінің жұмыскерлерімен кездесіп, алдағы болатын референдумның маңыздылығын және Ата заңға енгізілетін өзгерістер туралы айтты.
Кездесуге Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – Ректор Жанбол Жилбаев, Павлодар педагогикалық университетінің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Нұркен Күзембаев, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жомарт Сембаев, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова барды. ППУ ректоры Жанбол Жилбаевтың айтуынша, конституциялық реформа бір емес, бірнешет бағытта орын алмақ. Атап айтар бослақ, суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға көшу. Бірқатар билікті қайта бөлу. Парламенттің рөлі мен мәртебесін өзгерту. Елді басқаруға халықтың қатысуын кеңейту. Азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту. Міне, бұл бағыттардың барлығы халықтың қолайлы өмір сүруіне арналған өзгерістер екенін нақты айтты.
- Конституциялық реформа жасаудың бірқатар жүйелі һәм кешенді сипаты бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Шын мәнінде, бұл Қазақстанның билік институттарын қалыптастырудың және жаңа саяси мәдениетті енгізудің мүлде жаңа моделіне көшкенін білдіреді» деді. Қазақстанның Конституциясы 1995 жылы қабылданды. Одан бері Ата заңымыз 5 рет өзгеріске түскен екен. Референдум жүзеге асса Ата заңдағы 33 бапқа 56 түзету енгізіледі. Демек, елді ауқымды саяси жаңғырту күтіп тұр. Бұл әділетті мемлекет құрудың басты қадамы. Жаңашылдықтар жарқын болашақ пен қоғам мүддесі үшін қызмет етеді. Саяси реформалар - халық пен билік арасын жақындата түседі. Халықтың пікірі ескеріледі. Ең басты өзгерістердің бірі – «супер президенттік» жүйе жойылып, Парламенттік басқару жүйесі енгізіледі. Бұл реформа «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша жүргізіледі. Осы реформадан кейін жаңа прадигмаға сәйкес Президенттің өкілеттігі қысқарады, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейеді. Бұрын облыс әкімдері Президенттің бұйрығымен тағайындалатын. Болашақта жаңа конституция бойынша бір орынға екі үміткер ұсынылып, оған мәслихат депутаттары дауыс береді. Бұрынғы заң бойынша ҚР Парламенті Мәжілісіне партия тізімімен өтетін. Енді депутаттардың 70 пайызы партия тізімімен қабылданса, 30 пайызы әртүрлі жекелей адамның ұсыныстарымен өтеді. Міне, жаңа конституция осындай маңызды баптармен толықтырылмақ, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Павлодар педагогикалық университетінің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Нұркен Күзембаев Ата заңға жаңа енгізілетін әрбір бапқа жеке-жеке тоқталып, мемлекеттің дамуы жолында және қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін жағқсартуда маңыздылығы жоғары екенін атап өтті: «Мұндай өзгерістер елде демкоратиялық процестерді жетілдіріп, «биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принцип жүзеге асады. Яғни, қоғам өз өкілдері арқылы маңызды шешімдерге араласады. Сондықтан, мқндай ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум қажет болды. Себебі бұл тек Президент не Парламент шешетін мәселе емес, бұл – бүкіл халықтың деңгейдегі міндет. Енді не өзгереді дегенге тоқталсам: Мысалы, алдағы уақытта ел президентінің жақын туыстары лауазымды мемлекеттік қызметтерге және квазимемлекеттік секторларға тағайындала алмайды. Бұл дегеніміз жемқоррлықтың алдын алатын ең негізгі факторлардың бірі. Сонымен қатар, жаңа конституциядан өлім жазасы алынып тасталуда. Бұл кез-келген қарапайым адамның өз құқығын еркін қорғауына мүмкіндік беретін жайыт. Бұдан бөлек, алдағы уақытта аудан әкімдері де халықтың сайлауымен тағайындалады».
Фабрика жұмысшыларымен кездескен Бақытжамал Максилова өзінің жастық шағында осындай құс фабрикасында жұмыс істегенін еске алды. Сонымен қатар, ел болашағы әр азаматтың қолында екенін айтып, барлығын референдумға барып, дауыс беруге шақырды.
- Мен сіздердің жұмыстарыңыздың қандай қиын екенін түсінемін. Себебі, мен осыдан 60 жыл бұрын осындай құс фабрикасында жұмыс істеген едім. Ал қазір мемлекетіміз үшін маңызды реформа орын алуда. Оны баршамыз қолдауымыз керек. Яғни, барлықтарыңызды 5 маусым күні Ата заңды өзгертуге бағытталған референдумға келуге шақырамын. Бұл біздің еліміздің жарқын болашағының бір көрінісі болмақ, - деді Бақытжамал Шаханқызы.
Кездесу барысында фабрика жұмысшылары да өздерін қызықтырған және толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Яғни, 5 маусым күнгі дауыс беру процесіне қатысты кейбір мәселелерды нақтылады. Еске салайық, «Turkey PVL» ет өңдеу кешенінде 140-тан астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын басшылығы референдумға байланысты жұмысшыларымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген облыстық қоғамдық штаб өкілдеріне алғыс білдірді.