ҚЫРҒЫЗСТАНДА АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНДЕГІ КӨНЕ ШАПАННЫҢ РЕКОНСТРУКЦИЯСЫН ҰСЫНДЫ
27.03.2025
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті мен Орталық Азиядағы Америка университеті арасындағы халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асыру аясында Археологиялық зерттеулер институтының «UMAI»мәдени мұраны сақтау және қалпына келтірудіңхалықаралық зертханасының меңгерушісі Тетяна Крупа «Алтын Орда кезеңіндегі Болған-Ана кесенесінен қалған шапанды қалпына келтіру» көрмесін ұйымдастыруға және өткізуге қатысты.
2025 жылдың 11 наурызында Орталық Азиядағы Америка университетінің қабырғасында өткен көрмеде Т.Крупаның ғылыми зерттеулеріне негізделген шапанның бірегей реконструкциясы ұсынылды. Шапан Алтын Орда дәуірінің ерекшеліктерін жан-жақты жаңғыртып, сол кездегі жоғары шеберлік пен мәдени мұраны паш етеді.
Қырғызстандағы Орто-Токой 3 қорымынан археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған көне тоқыма бұйымдарының үзінділері де келушілерді ерекше қызықтырды.
Іс-шараға Қырғызстан мен Жапонияның мәдени және ғылыми зиялы қауым өкілдері қатысып, олардың арасында Қырғызстанның қолөнер мұрасын әлемге танытумен айналысатын «Киіз Дүйно» қорының өкілдері де болды. Олардың қатысуы әлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігі ретінде Орталық Азияның дәстүрлі тоқыма өнерін зерттеу мен сақтаудың маңыздылығын көрсетті.
Көрме тарих, реставрация және тоқыма өнері саласындағы мамандардың, оқытушылардың, студенттердің үлкен қызығушылығын тудырып, білім алмасу және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту үшін маңызды алаң болды.