"ҚАСІРЕТ ПЕН ТАҒЗЫМ" АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
31.05.2023
Марғұлан университетінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Қасірет пен тағзым» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынның өтуіне Марғұлан университетінің тарихшы-ғалымдары, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия мен ғылыми-зерттеу жұмыс топтарының өкілдері А.Е.Кәрімова, А.М.Сыздықова, З.Ш.Әйткенов, А.М.Садықова белсенді атсалысты. Шараның негізгі мақсаты — ел болашағы үшін жан қиған ұлт зиялыларының өмірбаянын жастар санасына сіңіру, олардың ерлігін ұлықтау.
Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Айгүл Садықова Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның архивтік құжаттары мен материалдарының 31 томдығы туралы баяндап, соның ішінде «Политические репрессии в Павлодарском регионе: трагедия народа» атты 17 томды таныстырды. Бұл жыл басында Мемлекет басшысына таныстырылған республика ғалымдарының бірлескен еңбегі нәтижесінде даярланған болатын. Аталған жинақты дайындауға екі жоғары оқу орынның зерттеушілері, архив қызметкерлері қатысты. Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінен авторлар ұжымы құрамына тарихшы-ғалымдар А.С.Аманова, А.М.Сыздықова, З.А.Сабданбекова, А.М.Садықова енді. Құжаттар мен материалдар жинағына өңірлік және ведомстволық архивтерден табылған 200-ден аса құнды құжаттар іріктеліп енгізілді. Олардың ішінде латын, араб графикасымен жазылған құжаттар да кездеседі, олар, көпшілік қауымға түсінікті болуы үшін кирилл қарпіне аударылып берілді. ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының әр түрлі санаттарының тарихына байланысты бұрын жарияланбаған бірегей архив құжаттары сол кезеңнің обьективті тарихи бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Павлодар облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Н.А.Кубик, Г.Н.Потанин атындағы өлкетану мұражайының «Әскери даңқ музейінің» басшысы Р.Т.Қалымбетов, Торайғыров университетінің профессорлары А.Ж.Құдабаев, А.Ф.Зейнуллина ғылыми баяндама жасады.
Филология ғылымдарының кадидаты, профессор Айман Зейнулина қуғын-сүргінге ұшыраған зиялы қауым өкілдерін жазалау процесі, солақай саясат құрбандарының бастан кешкен қасіреттері туралы баяндады. Спикердің сөзінше, алашордашыларды жазалау процессі үш кезең бойынша жүзеге асырылса керек. Мәселен, 1929-32 жылдары алғаш рет ұлт зиялыларын ату жазасына кеседі. 1933-1938 жылдары халық жауы деген айып таққан. Ал, үшіншісі 1946 жылы болған. Бұл пайымдау соңғы жылдары мұрағаттан табылған құжаттар арқылы анықталып отыр,-дейді Айман Зейнулина.
Қорыта айтқанда дөңгелек үстел барысында 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұлт зиялыларын ақтап алу туралы мемлекеттік комиссия құру туралы шешім қабылданған болатын. Осы аз ғана уақыттың ішінде мемлекеттік комиссия біршама құпия құжаттарға қол жеткізіп зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Шараға жоғары мектептің профессорлық-оқытушылық құрамы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мен ғылыми-зерттеу жұмыс топтарының жетекшілері мен мүшелері қатысты.