"ӘЛКЕЙ МАРҰЛАН ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРА" КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ
11.05.2022
Бүгін Павлодар педагогикалық университетінде «Әлкей Марғұлан және мәдени мұра» деп аталатын жаңа кітаптың тұсаукесері өтіп, оқырман қауымға таныстырылды. Жаңа тарихи туындының авторы – тарих ғылымдарының кандидаты Марван Хамитова.
Кітаптың тұсаукесеріне ППУ проректорлары Бауыржан Есенкелдин мен Болат Құдайбергенұлы қатысып, кітап авторы Марван Хамитоваға алғыс білдірді. Сонымен қатар, жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылар академик Әлкей Хақанұлы туралы жарық көрген жаңа кітаптың мазмұны мен тарихи құндылығына жоғары баға берді.
- Марван Арынқызын «Марғұлантану» ғылымының басында тұрған ғалымдардың бірі деуге болады. Бүгін қолымызға алып отырған жаңа кітап автордың отыз жылдан астам ізденісінің нәтижесі. Бұл Әлкей Марғұланға арналған ең көлемді монографиялық әрі энциклопедиялық еңбектердің бірі. Мұнда академик ғалым туралы жан-жақты зерттеулер берілген. Сонымен қатар, бұрын-соңды жарияланбаған материалдар мен фотосуреттер басылған. Мысалы Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлімхан Ермеков сынды Алаш қайраткерлерімен бірге түскен суреттерді бірінші осы кітаптан көрдім, - дейді Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры, тарихшы Ернұр Рахымов.
Кітаптың Алғы сөзін белгілі жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай мен тарихшы, ғалым Хангелді Әбжан жазған. Кітап алты бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде ғалымның өмір жолы, отбасы және шыққан тегі туралы жазылған. Екінші бөлімінде қазақ халқының материалдық мәдениетін зерттеуге қосқан үлесі, үшінші бөлімінде түркі халықтарының рухани мәдениетін зерттеуге қосқан үлесі туралы жазылған. Ал төртінші, бесінші және алтыншы тарауларға Шоқан мұрасын зерттеуге қосқын еңбегі мен аудармалары және шәкірттері туралы тың деректер топтастырылған.
Еске сала кетейік, тарих ғылымдарының кандидаты Марван Хамитова Баянауыл ауданы Егіндібұлақ ауылының тумасы. Алматы шет тілдер педагогикалық институтын бітірген. Бұған дейін 60-тан астам ғылыми мақаласы баспасөз беттерінде жарық көрген. 1987 жылдан бастап Әлкей Марғұланды зерттеумен шұғылданып келеді.Сол кезде Егіндібұлақ мектебіне Ә.Марғұлан атын беруге және сол мектепке академиктің мұражайын ашуға атсалысқан.