PGCE БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ПРОФЕССОРЛЫҚ-ОҚЫТУШЫЛЫҚ КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ
04.04.2024
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде PGCE бағдарламасы бойынша профессорлық-оқытушылық кадрларды даярлау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті. Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Қабдықәрімова және Павлодар қаласындағы мектеп директорлары қатысты. Жиынды Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев бастап, университет қызметінің бағыттары, оның жетістіктері мен стратегиялық міндеттері туралы айтты.
Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Ж.Ж.Қабдықәрімова жиналғандарды орталықтың негізгі қызметі мен жетістіктерімен таныстырып, PGCE бағдарламасы бойынша университетпен бірлескен жобаны жүзеге асыру кезеңдеріне ерекше тоқталды. Ол бұл жобаның қазір ірі қалаларда, атап айтқанда Астанада мұғалімдердің жеткіліксіздігі жағдайында туындағанын атап өтті. Көптеген мектептер ашылып, мұғалімдер ауыр жүктемеде жұмыс істеуге мәжбүр. Әсіресе бастауыш сынып мұғалімдері, математика, ағылшын тілі мұғалімдері жеткіліксіз. Бұл жоба бірінші кезекте ұстаз тапшылығын жоюға бағытталған. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова да бұл пікірді құптап, шынымен де педагогикалық кадрларға деген қажеттіліктің жоғары екенін атап өтті.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұғалімнің кәсіби құндылықтары мен білімі айқындалғанын, ЖОО оқытушысының кәсіби стандарты бекітілгенін, Дүниежүзілік банк жобасы аясында 30 инновациялық бағдарлама әзірленгенін және 110 ББ әзірлеушілері үшін біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылғанын хабарлады. Жиын барысында ұстаздық білім беру моделін жүзеге асыру және оның мазмұнын нығайту, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне назар аударылды.
Педагог мамандығына жанама енуге және педагог білімін институционалдық түрлендіруге ерекше көңіл бөлінді.