ПЕДАГОГИКАЛЫҚ СЫНЫПТАРДЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
05.02.2024
Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің делегациясы Железин ауданындағы №2 орта мектебіне барып, оқушылармен, мұғалімдермен және ата-аналармен кездесті. Естеріңізге салар болсақ, өткен жылдың қараша айында Железин аудандық білім беру бөлімі мен университет арасындағы ынтымақтастық меморандум негізінде «Хұсни» қыздар гимназиясы ашылған болатын. Бүгін сол гимназияның педагогикалық сыныбы өз жұмысын бастап, Марғұлан университетінің оқытушылары болашақ студенттеріне алғашқы дәрістерін өткізді.
Шараны Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Маржан Алшымбаева бастап, Марғұлан университетімен ынтымақтастық туралы және «Хұсни» қыздар гимназиясының жұмысы туралы айтты. Содан кейін Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев университеттің білім-ғылым, академиялық және инновациялық жобалары мен болашақтағы жоспарлары туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, облыс мектептерінде ашылып жатқан педагогикалық сыныптардың болашақта педагогикалық мамандықтарда білім алу үшін Марғұлан университетін таңдайтын оқушыларына қандай жеңілдіктер жасалатынын да атап өтті.
-Еліміздегі педагогикалық университеттер ерекше миссияны атқаруда. Осы орайда жас ұрпақтың адамгершілік құндылықтар жүйесін қалыптастыруда педагогикалық жоғары оқу орындарына аса маңызды жауапкершілік жүктелген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында сапалы білім беру мәселесіне баса назар аудара отырып, ұстаздардың құзыреттілігін арттыру маңызды міндет екенін атап өтті. Осы ретте Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті білім беру саласында инновацияларға ұмтыла отырып, білім беру сапасын арттыруда және заманауи білікті педагог даярлауда маңызды міндеттер атқарып келеді. Железин ауданы білім беру бөлімі мен Марғұлан университеті арасындағы меморандум өткен жылдың күзінде басталған. Осы келісімшарт аясында «Хұсни» қыздар гимназиясы ашылды. Бүгін сол гимназияға қабылданған оқушылармен тікелей кездесудің сәті түсті, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Ректордың сөзінше, педсынып оқушыларына бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтсақ, ғылыми-зерттеу қызметінде нәтижелерге қол жеткізген студенттерге арнаулы гранттар беру, университет ішілік гранттар тағайындау, халықаралық тағылымдамаға жолдама беру, академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысуға мүмкіндік жасау, «Марғұлан жолы», «Ұлылар жолы» жобасымен Қазақстанның киелі жерлеріне мәдени-демалыс ұйымдастыру, ғылыми конференциялар мен конкурстарға қатысу шығындарын өтеу сынды т.б. жеңілдіктер жасалатын болады.
Сонымен қатар, университет басшысы мектеп ұжымына Ертіс-Баян өңірі ақын жазушылары мен ғалымдарының кітаптарын сыйға тартты.
Іс-шара барысында Марғұлан университеті кәсіби бағдар беру бөлімінің басшысы Гүлнәр Мұсанова «Педагогикалық сынып» сайтының тұсаукесерін өткізіп, педагогикалық сыныптардың мұғалім болғысы келетін оқушылар үшін тиімділігі туралы ақпарат берді.
-Бүгінгі таңда Павлодар облысы бойынша бес мектепте педагогикалық сыныптар жұмыс істейді. Олар Павлодар қаласының №2 орта білім беру, Баянауыл ауданы Майқайың кентіндегі М.Әуезов атындағы орта білім беру мектептерінде орналасқан. Бүгін олардың қатарына Железин ауданындағы «Хұсни» қыздар гимназиясы қосылды. Осылайша орта мектептер жанындағы педагогикалық сыныптардың қатары артып келеді. Осы аталған білім мекемелеріндегі педагогикалық сыныптардың құрамында болашақта мұғалім мамандығын таңдауды жоспарлаған оқушылар бар. Марғұлан университетінің оқытушылары сол оқушыларды мамандыққа баулу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Тіпті, универитет қабырғасында танысатын кейбір пәндер бойынша сабақ өткізуді бастады. Егер сол педагогикалық сынып оқушылары мектептен кейін біздің университетке түсетін болса, мәдениеттану және психология пәндері бойынша сабақтарды алдын ала оқыған болып есептеледі, - деді Гүлнәр Манатқызы.
Жиын соңында Марғұлан университетінің студенті Арайлым Маху «Мұғалім» жобасының қатысушысы ретінде «21 ғасыр мұғалімі қандай болу керек?» деген тақырыпта әңгіме жүргізді. Ал оқытушылары Арай Рахымжанова, Айжан Мандаева және Гүлжан Байжүнісова оқушыларға практикалық тренинг өткізді.
Жалпы кез-келген педагогикалық ЖОО үшін орта мектептермен әріптестік байланыс орнату, сол арқылы орта білім беру жүйесіне қандай талаптар қойылғанын ескеру маңызды болып саналады. Осылайша университет басшылығы мектепке қандай мұғалім керек деген сауалға жауап тауып, ары қарай сол талап бойынша жұмыс жүргізіледі.