Павлодар педагогикалық университетінде гуманитарлық ғылымдардың бүгіні мен болашағы талқыланды
25.11.2021
Павлодар педагогикалық университетінде «Қоғамдық сананы жаңғырту аясында гуманитарлық ғылымдардың қазіргі жағдайы мен даму болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға шет елдердің жетекші ғалымдары (Германия, Түркия), сондай-ақ Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, докторанттары мен магистранттары қатысты.
Семинарға қатысушылар қазіргі қоғамдағы гуманитарлық ғылымдардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Семинардың құрметті қонақтар мен дөңгелек үстел спикерлері ҚР БҒМ Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов пен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің К. Ақышев атындағы ҒЗИ-дың директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Марал Хабдулина баяндама жасады.
ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл өз сөзінде қоғамдық сананы жаңғырту контексінде гуманитарлық ғылымдарды дамыту мәселелерін бүгінгі талқылау ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылатынын атап өтті.
"Біз бірыңғай тарихи жад, мемлекеттік тіл, қоғамдық, ұжымдық сана-сезімді қалыптастыру сияқты маңызды мәселелерді талқыладық. Ертең біз аймақтың тарихы туралы сөйлесетін боламыз. Алға жылжу үшін бізге ортақ өткеніміз бен бүгінімізді ұғыну қажет", - деді Еркін Аманжолұлы.
Көне түркі тілдері бойынша танымал маман, Akdeniz University әдебиет факультетінің профессоры Абдолла Көк (Түркия) және филология ғылымдарының докторы, профессор Technische Universität Dresden Холгер Куссе (Германия) дөңгелек үстелдің белгіленген мәселелерінің өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті. Профессор Абдулла Көк ұйымдастырушыларға және Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Жанбол Жилбаевқа маңызды шараны ұйымдастырып, белгілі ғалымдардың пікір алмасып, гуманитарлық ғылымдарды дамыту бойынша өте құнды ұсыныстар айтуға мүмкіндік жасағаны үшін алғысын білдірді. Гуманитарлық ғылымдардың қазіргі жағдайы мен болашағын тілді дамыту және тарихты зерттеу тұрғысынан қарау керек, дейді ғалым. "Мемлекет - бұл, ең алдымен, халықтың тілі және оның тарихы. Мықты мемлекет болу үшін тілді сақтауға, балаларды ана тілінде тәрбиелеуге көп көңіл бөлу керек. Халқымыз өз балаларын Мәшһүр Жүсіп пен Жүсіп Баласұғұнидің еңбектерінде тәрбиелеп, ортақ тарихымызды білсе екен", - дейді профессор.
Дөңгелек үстел жұмысының аясында Павлодар педагогикалық университеті мен ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Кездесу барысында ҚР БҒМ Ғылым комитеті Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Қасенова Әсемгүл Дәуренқызының "Сарыарқаның тас мүсіндері (зерттеу тарихы)"атты кітабының тұсаукесері өтті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шара аясында біздің мемлекетіміздің тарихын зерттеуге үлкен үлес қосқан ғалымдарға: ҚР БҒМ Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов пен ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілге Павлодар педагогикалық университетінің құрметті профессорларының дипломдарын тапсыру рәсімі өтті.