МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ СЫНЫПТАРЫ: БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН МҮМКІНДІКТЕР
20.11.2025
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Павлодар, Ақсу, Баянауыл және Железин аудандарынан келген педагогикалық бағытты таңдаған мектеп оқушылары үшін Ашық есік күні өтті. Іс-шараға педагогикалық сыныптарда білім алатын оқушылар, мұғалімдер, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер, сондай-ақ білім беруді дамыту орталығының әдіскерлері қатысты.
Университет ректоры Ержан Әмірбекұлы педагогикалық сыныптар жобасының жастардың ерте кәсіби бағдарлануында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Педагогикалық сыныптар» жобасының негізгі мақсаты – мұғалім мамандығының тартымдылығын арттыру. Біз балаларды тек университетпен таныстырып қана қоймаймыз. Болашақта мұғалімдікке сенімді қадам жасауға бағыт беретін жолды көрсетеміз. Көптеген түлектеріміз болашақта дәл осы университетте оқуын жалғастырады деп сенеміз. Басты міндетіміз – ел дамуына үлес қосатын жауапты, саналы азаматтарды тәрбиелеу», - деді ол.
Педагогикалық сыныпты тәмамдап, бүгінде Марғұлан университетінде білім алып жүрген студенттер өздерінің табыс тарихымен бөлісті. «Тарих және ағылшын тілі» мамандығының 2-курс студенті Құдайберген Вовкаұлы бірінші сыныптан бастап тарих пәнінің мұғалімі болуды армандағанын айтты. Мектебінде педагогикалық сынып ашылғанда, тестілеуді бірінші болып тапсырып, қуана-қуана жобаға тіркелген.
8-сыныптан бастап педсыныпқа қатысқан Елнар Ахметов биология және география пәндері бойынша олимпиадалар мен ғылыми жобаларға белсенді қатысқанын атап өтті. Қазіргі таңда ол университетте «Биология» мамандығы бойынша білім алуда. Педагогикалық сынып жобасы оның болашақ мамандығын таңдауға көмектескен.
Оқушылар студенттік шығармашылық ұйымдар көрмесіне қатысып, MUza талант-академиясының, студенттік театр мен студенттік парламенттің жұмысымен танысты. Сонымен қатар дебат алаңына, «Ұлттық Style» шығармашылық кеңістігіне қатысып, «SCAFFOLD: кәсіби тұлғаны дамытудың жаңа формуласы» атты презентацияны көрді.
Алғашқы педагогикалық сынып 2021 жылы Майқайың кентіндегі Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте ашылды. Жобаны кейін Павлодар қаласының №2 мектебі қолдады, оған Железин ауданы мен Ақсу қаласы қосылды. Бүгінде жобаға 70-тен астам оқушы қатысады. Әр мектепте жауапты педагогтар бекітіліп, университет ай сайын семинарлар, тренингтер және кездесулер өткізіп отырады. 8–11-сынып оқушылары arasынан педагогикалық мамандыққа қызығушылық танытқан балалар іріктеліп алынады, және олармен жеке кешенді жұмыс жүргізіледі.