ТІЛ ҮЙРЕНУ – ӘЛЕМГЕ ЖОЛ АШУ: МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ШЕТ ТІЛДЕРІ АПТАЛЫҒЫ ӨТТІ
30.10.2026
Марғұлан университетінде «Шет тілі: екі шет тілі» және «Ағылшын тілі, әдебиеті және медиадидактика» білім беру бағдарламаларының ұйымдастыруымен Шет тілдері апталығы өтті. Апталық студенттер мен оқытушыларды тіл үйренуге, өзге елдердің мәдениетімен танысуға және мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған танымдық әрі шығармашылық шараларға біріктірді.

Апталықтың алғашқы күнінен бастап университеттің оқу корпустарында студенттер мен оқытушыларды ағылшын, неміс, қытай және түрік тілдерінде қарсы алу ұйымдастырылды. Қатысушыларға әлемге танымал тұлғалардың нақыл сөздері жазылған тәттілер таратылып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ студенттер қытай каллиграфиясының қыр-сырымен танысып, ағылшын тіліндегі Small Talk форматында еркін әңгімелесуге қатысты.

Апталық аясында білім алушылардың тілдік дағдылары мен елтану білімін жетілдіруге арналған түрлі интеллектуалдық сайыстар өтті. Неміс тілі бойынша ұйымдастырылған викторинада қатысушылар Германияның географиясы, білім беру жүйесі мен мәдениеті туралы білімдерін сынаса, ағылшын тіліндегі English Grammar and Culture Quiz сайысында грамматика мен ағылшынтілді елдердің мәдениетіне қатысты сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар Deutsch? Easy & Smart! атты танымдық шара барысында студенттер Германияның салт-дәстүрлерімен танысып, неміс тіліндегі викториналар мен шағын ойындарға қатысты. Мұндай интерактивті тапсырмалар шет тілдерін үйренуге деген қызығушылықты арттырып, білімді тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берді.
Ғылыми бағыт та назардан тыс қалмады. PhD докторы, Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры А. М. Ахметбекованың ұйымдастыруымен «Ағылшын тілі, әдебиеті және медиадидактика» білім беру бағдарламасының магистранттары шет тілдерін оқытуда цифрлық медиа ресурстарды, ойын технологиялары мен жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі ғылыми идеяларын ортаға салды.
.jpeg)
Апталықтың қорытынды бөлімінде ағылшын және неміс тілдері бойынша викторина жеңімпаздары марапатталып, шараларға белсенді қатысқан студенттерге сертификаттар табысталды. Мерекелік бағдарламада студенттер қытай тіліндегі ән мен биді, неміс тіліндегі музыкалық және би өнерін ұсынып, өзге халықтардың мәдениеті мен дәстүрін сахна арқылы таныстырды.
Шет тілдері апталығы студенттердің білімін шыңдап қана қоймай, тіл мен мәдениеттің өзара тығыз байланысын сезінуге, жаңа идеялармен бөлісуге және еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік берді. Өйткені шет тілін меңгеру – жаңа білімге, мәдениетке және халықаралық мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды.
.jpeg)