MU СТУДЕНТТЕРІ ШОПРОН УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ОҚУ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ
21.11.2025
Марғұлан университетінің «Шетел тілі» білім беру бағдарламасының студенттері — Нұрсұлтан Келесбаев, Анеля Асқар, Анель Жексенбаева, Гүлбану Полатова және Назым Төлеу — қазіргі уақытта академиялық мобильділік бағдарламасы аясында Мажарстанның Шопрон университетінде білім алуда. Олар шетелдегі бір семестрдің қалай өтіп жатқанын баяндап, Еуропадағы оқу тәжірибесі жаңа білім, жарқын эмоциялар және кәсіби көкжиегін кеңейтуге үлкен мүмкіндік бергенін атап өтті.
Студенттердің айтуынша, Шопрон қаласы — жасыл желекке оранған, табиғаты көркем, таулы-қырлы аймақта орналасқан қала. Шопрон университеті — Мажарстандағы беделді жоғары оқу орындарының бірі. Университет аумағы қалың ағаштармен көмкерілген, ал бас корпус Ботаникалық бақтың дәл ортасында орналасқан. Әр факультеттің жеке ғимараты бар және олардың барлығы заманауи техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Студенттер университеттің бос уақытты тиімді өткізуге ерекше жағдай жасайтынын да айтты. Ең әсерлі орындардың бірі — Ligneum орталығы, онда көрмелер, кездесулер, шығармашылық шаралар өткізіледі. Бұл кеңістік студенттердің сүйікті орнына айналған. Жатақхананың жайлылығы да жоғары бағаланды: бөлмелер кең, жарық, таза және барлық қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Мұндай жағдайлар оқу мен демалысты тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.
— Халықаралық орта өте достық, түрлі елдерден келген студенттердің арасында өзімізді үйдегідей сезінеміз, — дейді студенттер.
Шопрон университеті спортпен айналысуға да ерекше жағдай жасаған. Семестр бойы бар болғаны шамамен 9000 теңгеге SMAFC студенттік спорт картасын сатып алып, жаттығу залына, бассейнге, сквош алаңына баруға және тіпті джиу-джитсумен айналысуға болады. Студенттердің пікірінше, бұл — үлкен артықшылық әрі дене шынықтыруға тамаша мүмкіндік.
Студенттер ерекше атап өткен жайт — білім беру сапасы. Профессорлар өз саласының білікті мамандары, тәжірибесі мол, сабақтарды интерактивті әдістермен жүргізеді. Топтық жобалар, пікірталастар, практикалық тапсырмалар студенттердің кәсіби дамуына ықпал етеді. Барлық оқытушылар ағылшын тілінде еркін сабақ береді.
Мажар халқының қонақжайлығы да студенттерді тәнті еткен: олар өте ашық, мейірімді және шетелдік студенттерге әрдайым қолдау көрсетуге дайын.
Студенттердің пікірінше, Шопрон университетіндегі академиялық мобильділік тәжірибесі — олардың кәсіби, мәдени және жеке дамуына зор әсер еткен маңызды кезең. Мұнда алған білім мен әсерлер, жаңа таныстықтар болашақта үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеді.

