МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ "ҚАЗҚОНАҚ-ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МҰРАНЫҢ БІР БӨЛІГІ" АТТЫ ҒЫЛЫМИ - КӨПШІЛІК ДӘРІС ӨТТІ
29.05.2024
Дәрісті мәдениеттану кандидаты, қауымдастырылған профессор, "Биология" БББ оқытушысы Валентина Алиясова өткізді. Іс-шараға «Qazaq Geography» ұйымының өкілдері, Марғұлан университетінің студенттері, оқытушылары қатысты. Кездесу Павлодар география үйінің Instagram-дағы ресми парақшасында тікелей көрсетілді.
Валентина Алиясова өз сөзінде қазқонақта сақталған ескерткіштердің түрлері мен тарихтағы ерекшелігіне тоқталды.
-Бүгінгі таңда заманауи ғылыми әдістерге сәйкес көрнекті, мәдени және табиғи маңызы бар ескерткіштерді ұжымдық қорғаудың тиімді жүйесін қамтамасыз ету қажет. Осындай табиғи ескерткіштердің бірі-Қазқонақ палеонтологиялық ескерткіші. Павлодар облысының жұртшылығымен кездесуде ел Президенті Қасымжомарт Тоқаев Әлемдік стандарттар бойынша осы бірегей палеонтологиялық ескерткішті сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Мұндай нысандар қаланың символдық капиталын нығайтып, туристер ағынын тартады, - деді Валентина Алиясова.
Бұған дейін Қазқонақтың тарихын зерттеу зерттеу мақсатында түрлі экспедициялар ұйымдастырылған. Мысалы, 1929 жылы КСРО Ғылым академиясының геологиялық мұражайы М.Г. Прохоровтың басшылығымен палеонтологиялық экспедиция ұйымдастырды, олар маусымнан тамыздың аяғына дейін жұмыс істеді. Экспедиция нәтижесінде көптеген тістер мен сүйек қаңқалары табылған және геологиялық мұражайға 16 тоннадан астам аң-құс сүйектері жеткізілді.
Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында «Қаз қонақ» орнынан табылған жәдігерлер сақтаулы. Зерттеушілердің айтуынша, 1928 жылы палеонтолог Юрий Орлов қаладағы Ертістің оң жағалауында ежелгі заманғы, осыдан 5-7 миллион жыл бұрын өмір сүрген жануарлардың сүйегін анықтаған.