МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖҮЙЕСІН МЕҢГЕРУДЕ
14.06.2024
Марғұлан университетінің оқытушылары жасанды интеллект бағдарламасын меңгеруде. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің тапсырмасы бойынша білім беру процесінде жасанды интеллектті қолдану бойынша ЖОО аралық стандарты қабылданды.
Марғұлан университетінде басталған курстың жалпы ұзақтығы 72 сағатқа созылады. Курс жасанды интеллект және нейрондық желілер, білім берудегі нейрондық желілер, мәтіндермен және визуалды контентпен жұмыс жасауға арналған нейрондық желілер, дыбысты өңдеуге арналған нейрондық желілер, күнделікті өмірдегі нейрондық желілер, оқытушылардың ғылыми қызметіне арналған нейрондық желілер бағытында жүргізіліп жатыр.
Мақсаты – жасанды интеллектті білім беру үрдісінде қалай қолдануға болады және ғылыми зерттеу жұмысында қандай көмек береді деген сұраққа жауап беру. Сабақтарды жаратылыстану жоғары мектебі «Информатика» білім беру бағдарламасының басшысы Раушан Ельтинова, жаратылыстану жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, PhD Дария Абыкенова, педагогикалық зерттеулер орталығының директоры, п.ғ.к. Алмагүл Асайыновалар жүргізуде.
- Жалпы, университет оқытушылар үшін жасанды интеллект жүйесін үйрену және пайдалану маңызды болып саналады. Себебі, бұл жүйе оқытушының жұмысын жеңілдетеді және тың жобалар жасауға көмектеседі. Біздің университетте басталған алғашқы сабаққа 40-тан астам оқытушы қатысуда, - деді Раушан Елтинова.
Жасанды интеллект курсына қатысушылардың бірі – академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Әлия Жакиенованың айтуынша, жасанды интеллект берген ақпараттардың барлығына дұрыс деп сенуге болмайды. Сондықтан, алдымен ақпараттарды талдап, сараптап үйрену керек дейді. Сонымен қатар, дұрыс ақпарат алу үшін дұрыс сұрақ қоя білу керек. Екіншіден, жасанды интеллектіні қолдана отырып бір жоба жасаған соң сол жүйенің көмегімен жасалғанын ескерту керек.
- Оқытушылар алған білімдерін студенттермен бөлісетін болады. Яғни, алдағы уақытта Марғұлан университетінде «Жасанды интеллект білім беру саласында» деген курсты бастаймыз. Онда студенттер жаңа жүйені үйрене отырып, болашақта мұғалім болғанда жұмыс барысында да пайдалануына мүмкіндік алады, - деді ол.