Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ҒҰЛАМАЛАР: ҚАНЫШ СӘТБАЕВ ПЕН ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН» ТАҚЫРЫБЫНДА КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

10.05.2024

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Ғұламалар: Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл іс-шара академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай университеттің халықаралық ынтымақтастық тәжірибесін қорытындылау және оның қазіргі перспективаларын талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Жиынға отандық және шетелдік ғылыми-білім беру институттарының 100-ден астам өкілі қатысты. Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова қатысып, ұйымдастырушы-Марғұлан университетінің ұжымына алғысын білдірді.

-Қаныш Сәтбаевтың жаратылыстану ғылымына сіңірген еңбегінен бөлек ұлт тарихының зерттелуіне, халық ауыз әдебиетінің бай мұраларының жинақталып, жүйелеуіне, ұлттық музыкалық өнеріміздің сақталуына қосқан үлесі ұшан теңіз. Қаныш атамыз талай азаматтың ғылымға бет бұрып, ізденіс жолына түсуіне қолдау көрсетіп, ағалық қамқорлығын жасады. Сонымен қатар, әйгілі жерлесіміз, археолог, тарихшы Әлкей Марғұланның да ұлтқа сіңірген еңбегі зор. Біздің осы тау тұлғаларымыздың еңбегі жас ұрпақ үшін өлшеусіз рухани қазына, - деді Айзада Амангелдіұызы.

Шараның шымылдығын университеттінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев ашып, барша қатысушыларды конференцияның басталуымен құттықтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында «Біз ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр ...» – деп атап өтті. Биылғы жылы, Қазақтың көрнекті ғалымдары, қасиетті Баянауыл тумалары – жерлестеріміз Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық, Әлкей Хақанұлы Марғұланның 120-жылдық мерейтойы қатар келіп отыр. Бүгінгі конференция аса маңызды, мазмұны да терең. Өйткені, біз ұлтымыздың ұлы есімдерін еске түсіріп, тағзым ету арқылы өз парызымызды атқарамыз, - Жанбол Октябрьұлы.

Конференцияның пленарлық отырысында Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Қоғамдық ғылымдар және тарих академиясының академигі Тілеген Садықов, Тарих ғылымдарының кандидаты, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Уктамжон Носирбойевич Мансуров, Түркияның Токат Газиосманпаша университеті Өнер және ғылым факультеті, География Кафедрасының басшысы Хакан Мете Доған, Тарих ғылымдарының кандидаты, Марғұлан университетінің профессоры Гульфира Отепова және Әзербайжан, Пәкістан,

Беларусь сынды елдердің ғалымдары баяндама жасап, әлемге әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасы туралы айтып, қазіргі ғылым-білім саласындағы кейбір мәселелер жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.

Конференция аясында академиктер Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұланның ғылыми - зерттеу жұмыстарын дамытудың негізгі бағыттары бойынша 4 тақырыптық секция өткізілді.

Конференция қонақтары мен баяндамашылары конференция өткізу бастамасын жоғары бағалап, халықаралық ынтымақтастық тәжірибесін жинақтау және қазіргі жағдайда оның болашағын талқылау мәселелері бойынша осындай іс-шараларды тұрақты өткізу туралы тілектерін білдірді.