Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ ГЕРМАНИЯ УНИВЕРСИТЕТІМЕН ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДЕ

11.01.2024

Марғұлан университетіне Германияның Альберт-Людвига атындағы Фрайбург университетінің ғалымдары іс-сапармен келіп, университетке  бірегей ғылыми-зерттеу құрылғысын сыйға тартты. Бүгін аталған құрылғылардың таныстырылымы өтіп, ғылыми бағытта қолдану тәсілдері көрсетілді. Тұсаукесер шарасына университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысып, шетелдік ғалымдарға бірлескен ынтымақтастық жұмыстары үшін алғыс білдірді.

Соңғы үш жылда екі университеттің ғалымдары «Қазақстандағы жаһандық климаттық өзгерістердің салдарын зерттеуге үлес ретінде қазіргі заманғы экофизиологиялық өлшеу әдістерін енгізу» халықаралық жобасын жүзеге асыруға қатысқан болатын. Жоба жетекшілері – Фрайбург университетінің профессор, биология ғылымдарының докторы Маркус Хаук (Prof. Dr. Markus Hauck, индекс Хирша-38) және биология ғылымдарының докторы, профессор Чоймаа Дуламсурен (Dr. Choimaa Dulamsuren, индекс Хирша-36).

Университет ғалымдарына тарту етілген қос құрылғының құны шамамен 20 миллион теңге тұрады. Бүгінгі күнде Қазақстанның бір де бір жоғары оқу орындарында мұндай құрылғы орнатылмаған. Бұл Марғұлан университетінің биолог ғалымдары мен студенттеріне жасалған үлкен мүмкіндік. Осы ретте аталған жаңа құрылғылар арқылы қандай ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі дегенге тоқталайық. Жаңа технологияның жабдықтар жиынтығына атмосфералық параметрлерді бақылауға арналған жоғары дәлдіктегі ғылыми-зерттеу метеорологиялық станциясы және Scholander деп аталатын өсімдіктердің су потенциалын өлшеуге арналған камерасы кіреді. Метеорологиялық станцияда қоршаған ортаның көрсеткіштерін зерттеуге, деректерді жинауға және одан әрі өңдеуге қажетті жоғары сапалы датчиктер бар. Метеостанцияның көмегімен алынған деректер толығымен қорғалған, яғни, сенімді ақпараттар ұсынылады. Онда қоршаған орта параметрлерін қашықтан автоматты түрде ұзақ мерзімді бақылау мүмкіндігі бар, аккумуляторы күн батареясы арқылы қуат алып тұрады.  Шоландер камерасы – өсімдік дақылдарын суаруды оңтайландыруға мүмкіндік береді және өсімдіктер физиологиясы мен экологиясы саласында әртүрлі зерттеулер жасайды. Бір сөзбен айтқанда өсімдіктердің су потенциалын өлшеуге арналған жүйе.

- Біз бұл жолғы сапарымызда Марғұлан унивреситетінің ғалымдары үшін 2 түрлі жаңа құрылғы алып келдік. Оның біріншісі – кешенді метрологиялық станция. Онымен ауа температурасының ылғалдығын, желдің жылдамдығын, күннің радиациясын өлшейді. Метрологиялық деректерді компьютер арқылы көрсетеді. Екінші аппарат – су потенциалын зерттейтін құрылғы. Бұл өсімдіктер мен ағаш түрлерінің су режимін қалпына келтіруде  өте маңызды болып табылады. Қазір Қазақстан үшін және бүкіл әлем үшін ең өзекті мәселелердің - бірі климаттың өзгеруі. Аталған құрылғы осы климаттық өзгерістерге орай өсімдік және ағаш тұқымдарын сақтауда қалай әрекет ету керек деген сауалға жауап береді. Жалпы су режимдерін өлшеуге арналған мұндай құрылғы Қазақстанға алғаш келіп отыр. Яғни, Қазақстанда бұған дейін мұндай зерттеу жүргізілмеген. Бұл сіздердің ғалымдарыңыз бен студенттеріңіз үшін өте пайдалы болады деп сенемін, -  дейді Фрайбург университетінің профессоры Чоймаа Дуламсурен.

Фрайбург университетінің ғалымдары басқарма төрағасы-ректор Ж.Жилбаевпен кездесіп, екі ЖОО арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Кездесу барысында университеттер арасында меморандумға қол қою, бірлескен ғылыми жобаны іске асыру, Неміс университетінің қолданбалы экология және өсімдік шаруашылығы кафедрасының базасында Марғұлан университеті қызметкерлерінің тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру жоспарлануда. Айта кету керек, Альберт-Людвиг атындағы Фрайбург университеті - Германиядағы ең көне университеттердің бірі. Бұл ежелден қалыптасқан дәстүрі мен халықаралық деңгейде жоғары академиялық беделі бар университет. Аталған білім ордасының оқытушылары арасында 10 Нобель сыйлығының лауреаты және 13 Лейбниц сыйлығының лауреаты бар. Бұл әлемдегі ең үздік 100 жоғары оқу орны қатарына кіруіне мүмкіндік берді. Бүгінде World University Rankings нұсқасы бойынша ол 80-ші орында.

- Қазіргі таңда бүкіл әлемде ауа райының жылынуы 1,1 және 1,5 градусқа дейін көтерілгенін байқауға болады. Оны ағаштары зерттеу арқылы, ағаштардың құрамындағы судың көлемін өлшеу арқылы мүмкіндік береді. Сол барокамералар оқу процесінде және ғалымдар ғылыми жобаларында кеңінен қолданылады. Бұл Қазақстан ғылымының дамуына өзінің ықпалын тигізеді деп сенеміз.