Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

26.02.2024

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде білім беру бағдарламаларының сапасын жетілдіру, ғылыми жетістіктер көрсеткішін арттыру және орын алған кейбір мәселелерін шешу жолдары талқылануда. Осы жоспар аясында университеттің басқарма төрағасы Жанбол Жилбаев және басқарма мүшелері жаратылыстану ғылымдар жоғары мектебінің ұжымымен,профессорлық-оқытушылық құраммен кездесіп, оқытушылардың білім беру әдістемесімен, ғылыми жетістіктермен танысты. Кездесу барысында профессор-оқытушылармен еркін сұхбат жүргізіп, кейбір мәселелерге байланысты ұсыныс-пікірлерін де тыңдады.

-Марғұлан университеті өте үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Бірақ мұнымен тоқтап қалмай, Мемлекет басшысының және Ғылым және жоғары білім миниситрлігінің берген тапсырмасына сәйкес жұмысты жалғастыруымыз керек. Өткен жылдың соңында министрлікте алқа мәжілісі өтіп, оған проректорлар да қатысты. Сонда педагогикалық жоғары оқу орындардың алдына қойылатын міндеттер бойынша нақты талаптар қойылды,-деді Жанбол Октябрьұлы.

Алғашқы баяндаманы жаратылыстану жоғары мектебінің деканы Ермек Ғабдуллин жасап, жоғары мектеп ұжымының академиялық жұмысына, білім беру бағдарларының жетістігіне және мәселелеріне тоқталды.

-Жаратылыстану жоғары мектебінің контингенті былтырғымен салыстырғанда 19 адамға төмен. Атап айтқанда бакалабриатта 733, магистратурада 99, докторантурада 11 адам білім алады. Жоғары мектеп ұжымының ғылыми дәрежесі өсіп келеді, 4 ғылым докторы, 17 ғылым кандидаты, 11 PhD докторы, 26 магистр жұмыс істейді. 7 гранттық жоба жүзеге асырылуда, «Болаша» бағдарламасы бойынша 4 адам грант жеңіп алған болса, 2 оқытушы жылдың үздік оқытушы атанды. Жақында 2 студент Турцияға білім ауға аттанды. Біздің алдымызағы басты міндеттеріміздің бірі - кәсіби бағдар беру жұмысын сапалы жүргізу арқылы талапкерлерді көптеп тарту. Сонымен қатар, - басқа білім беру бағдарламаларынан студенттерді тарту және ақпараттық жүйелермен белсенді жұмыс жасау,-деді өз баяндамасында Ермек Серікұлы.

Айта кету керек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі құқықтық нормативтік актілерге көптеген өзгерістер енгізді. Осы бағыттағы жұмыс тобына біздің университет атынан Ермек Серікұлы кіріп, жұмыс жасап келді.

Оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Лаура Ахметова жаратылыстану ғылымдар жоғары мектебі білім беру бағдарламаларының стартап жобалары, ғылыми және академиялық жетістіктері мен кемшіліктері туралы ақпарат берді.

Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев пен басқарма мүшелері өнер және спорт жоғары мектебінің профессорлық- оқытушылық құрамымен және білім беру бағдарламаларының жетекшілерімен кездесу өткізді. Жиынның негізгі мақсаты – жоғары мектеп құрамындағы білім беру бағдарламаларын дамыту, мәселелері мен оны шешу жолдарын қарастыру.

Жоғары мектеп деканы Валентина Лебедеваның сөзінше, өткен жылы оқытушылар мен студенттер жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтсақ, 2 Азия ойындарының жүлдегері, 4 әлем чемпионы, 10 Азия чемпионы, 12 Қазақстан чемпионы шықты және 2 студент әлем кубогының иегері атанды. Барлығы 43 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 73 спорт шебері бар. Сонымен қатар, шығармашылық жағы да артта қалған жоқ. 2023 жыл студенттер 26-шы халықаралық «Шабыт» байқауына, «Алаш жұлдызы» және т.б. байқауларға қатысып, жеңімпаз болды.

-Өнер және спорт жоғары мектебі айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде. Дегенмен шешімін күткен мәселелер де бар. Сондықтан, бүгін сіздермен бейресми түрде ашық сұхбат жүргізу үшін жиналып отырмыз. Мақсатымыз - жоғары білімді дамыту жөніндегі алдымызға қойылған стратегиялық міндеттерді айқындау, болашақ жоспарларды бекіту және осы жолдағы кейбір мәселелерді шешуге қатысты қандай да бір ұсыныстарды тыңдау, - деді Жанбол Жилбаев.

Сондай-ақ, университет басшысы жақсы позицияларға қарамастан, қол жеткен нәтижелермен тоқтап қалуға болмайтынын атап өтті. Яғни, алдағы уақытта бұрынғыдан да үлкен міндеттер мен ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын еске салды.

Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ольга Андрющенко университет ұжымының әріптестік береке-бірлігін нығайту бәрінен маңызды екенін және бұл кез келген ұжымның сапалы жұмыс жүргізіп, жоғары жетістікке жетуінің алғышарты екенін атап өтті.

Білім беру бағдарламаларына қатысты мәселелерді талқылау жиыны гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінде де жалғасты. Жоғары мектеп деканы Анар Кәрімова білім беру бағдарламаларының атқарып жатқан жұмыстары, жетістіктері жайлы баяндады. сонымен қатар, БАҚ ұйымдарымен, мәдениет мекемелерімен бірлесіп жүргізілген жұмыстар жайлы ақпарат берді.

- Уақыт бір орнында тұрмайды. Күн сайын жаңалықтар еніп, жаңа талаптар күшейіп жатыр. Соның ішінде жасанды интеллект, цифрлық мемлекет туралы көп әңгімелер болып жатыр. Сондықтан, біз де осы өзгерістерден қалыс қалмауымыз керек. Республика бойынша 119 университет болса, 29 мемлекеттік университет бар. Ал мұғалімдер даярлайтын оқу орындар саны - 49. Осы оқу орындар арасындағы Марғұлан университетінің алар орыны ерекше. Бүгінгі күнге дейінгі жетістіктеріміз де аз емес, дегенмен әлі де тоқтамай бірлесіп жұмыс жасаймыз деген ойдамын. Басшылық тарапына қандай да бір ұсыныс тілектеріңіз болса тыңдауға дайынбыз, - деді университет ректоры Жанбол Октябрьұлы.

Университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин, стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Серік Ильясов өз салалары бойынша университет ұжымына, соның ішінде гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессорлық-оқытушылық құрамының алдына қойылған міндеттерді атап өтті. Оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Лаура Ахметова жоғары мектептің кадрлармен қамтамасыз ету, оқу-әдістемелік кешенді уақытылы әзірлеу, оқытушылардың ғылыми дәрежесінің біліктілікке сәйкестігі туралы ақпаратпен таныстырып, алдағы уақытта назар аудару керек мәселелерді еске салды. Жиын соңында оқытушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.