МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ - ӘР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ
16.11.2022
2022 жылғы 10 қазан 4 қараша аралығында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Терминология басқармасының ұйымдастыруымен «Ұлттық сипаттағы бизнес терминдері» атты республикалық байқауы өткен болатын.
Осы байқауға университетімізден әкімшілік департаменті құжат айналымы және бақылау бөлімінің мемлекеттік тіл жөніндегі маманы Ерболат Ғалымжанович Асылбеков қатысты. Байқау ұйымдастырушыларының ұсынысы бойынша Ерболат Ғалымжанович байқауға қатысты өзінің мынадай пікірін білдіруді жөн көрді:
Конкурсқа қатысты айтар болсам, конкурстың қатысушыларына ары қарай тұрақты уәждеме (мотивация) ғана емес, өмірлік жолдама боларлықтай терминология және жалпы тіл саласындағы жұмыстарға тарту қажет деп есептеймін. Заңды күші бар терминологтардың құрамын немесе резервін құрса тіпті жақсы болар еді. Қолданыстағы заңнаманы ескере отырып, ертең осы құрамдағы/резервтегі тұлғаларды қандай да бір жоғары қызметке тартуға болар ма еді. Әрине, оның бәрі бір күндік шаруа емес және заңнамамен реттеуді қажет етеді. Бірақ бұл ұсыныстың жаны бар. Қатысушылар тек қана қатысып, кейін ұмытылып кетпейтіндей әрекет қажет.
Терминкомдағы терминдер қорын ретке келтіру мақсатында келесі жылғы байқау қатысушыларына терминком сайтындағы терминдердің дұрыс жазылуын қарап шығып, дұрыс емес жазылған терминдерді анықтауды ұсынуға болады.
Қазіргі уақытта тіл саясатымен айналысуы тиіс кейбір өңірлік мекемелердің өздерінің қызметке сәйкестігін, тіл сауаттылығын тексеру қажеттілігі бар. Мемлекеттік тілді дамытамыз десек, сол дамытатын мекеме де сауатты болуы тиіс. Әлеуметтік парақшалары мен сайттарын оқып отырсаңыз, көзіңіз бір қатеден екінші қатеге шалынады да тұрады. Әрқайсымыз тілге қатысты мәселені көріп тұрып, өтіп кете берсек, «тілімізді дамытамыз» дегеніміз сөз жүзінде қала береді. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік мекемелердің мәселесі ғана емес, әр саналы азаматтың мәселесі. Қандай да бір мекеменің әлеуметтік желілері мен сайттарындағы ақпараттың мемлекеттік тілдегі көлемін ғана емес, сауатты жазылуын да тексеру қажет. Осы мәселені де байқау қатысушыларына байқаудың бір кезеңі ретінде ұсынуға болады.