МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ШЫҒЫСТА ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТТІ
26.06.2023
19-25 маусым күндері аралығында жаратылыстану жоғары мектебіне қарасты «География-тарих» білім беру бағдарламасының ГТ-31, 32 тобы студенттері оқу (кешенді-зоналық) тәжірибесін өткізді. Тәжірибе базасы ретінде Өскемен қаласы Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ таңдалып алынды. Практиканың алғашқы күндері Шығыс Қазақстан техникалық университетінің бас ғимаратында орналасқан “Алтын Алтай” музейін тамашалап, сол арқылы Шығыс өңірі геологиясы, пайдалы қазбалар, шахталар, палеонтологиялық ескерткіштерімен танысуға мүмкіндік алды. Өскемен қаласы баурайындағы биіктігі 1050 метрді құрайтын Алтай тау жоталарының біріне шығып, Өскемен қаласының орналасу жағдайларын шолуға мүмкіндік туды.
- 23 маусым күні Өскемен қаласының өнеркәсіп аймағында орналасқан «ҚазМырыш», «Үлбі» металлургиялық зауыттарын тамашалап, УМЗ-ның көрме-ақпараттық орталығы музейінде зауыттың құрылу тарихы, өндіріс ерекшеліктері, өнім түрлерімен таныстық. Сонымен қатар, ШҚТУ-нің базасындағы су ресурстарын қорғау, пайдалану, кешендік лабораториясының жұмысын көрдік. Өскемен қаласындағы “Этно саябақ” аумағында орналасқан әскери техникалар, ботаникалық саябақ, зоосаябақ, этноауыл көрмелерін тамашалыдық. Елімізде мекендейтін ұлттардың баспанасы, этнографиясы бойынша көрмелер мен жәдігерлермен танысып, құнды дүниелерге қанық болдық,- дейді студенттер.
Сонымен қатар, Өскемен СЭС жұмыс барысымен, Қазгидромет орталығы гидрология және метеорология бөлімдерінің жұмысымен танысты. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ға барып, ондағы Экология және география жоғары мектебінің сеньер-лекторы Санат Құмарбекұлымен кезедесті. С. Аманжолов атындағы университет қабырғасында орналасқан Бажанов атындағы зоологиялық мұражай мен геологиялық музейлерімен және оқытушыларымен танысуға мүмкіндің туды.
Содан кейін Алтай қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 62 км жерде, Үлбі жотасының оңтүстік етегінде орналасқан Жаңа Бұқтырмаға барды. Бұқтырма су қоймасында ШҚТУ-ға қарасты «Простор» демалыс орнына барып, сол жерге орналастық. Тау беткейіне шығып, Жаңа Бұхтырма қаласының және Бұхтырма су қоймасының орналасу ерекшеліктеріне шолу жүргізілді, судың гидрологиялық режимі мен қасиеттері жөнінде ақпараттарберілді.
Студенттердің қызықты практикада өтуіне мүмкіндік тудырған Марғұлан университеті басқарма төрағасы – ректор Жанбол Жилбаевқа және мансап орталығы басшысы Майра Байтанаеваға, практика жетекшісі Ә.Қ.Елемесовке алғыс білдіреді. Сондай-ақ, практика базасында өзінің көп көмегін көрсеткен С.Серікбаев атындағы ШҚТУ-нің Басқарма төрағасы – ректор, С.Ж.Рахметуллинаға алғыс айтады.