MARGULAN UNIVERSITY-ДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
10.04.2023
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Жаңа қоғамдағы жастардың әлеуеті: білім мен ғылымның сапасы» атты XVIII халықаралық студенттік ғылыми тәжірибелік конференциясы өтті. Шара университеттің Ғылым онкүндігі аясында өтті.
Конференцияға Қазақстан, Өзбекстан және Ресей жас ғалымдары қатысып баяндама жасады. Ғылым онкүндігінің және аталмыш конференцияның ашылуына университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, профессор Бауыржан Есенгелдин қатысып, ұжымды ғылым декадасының ашылуымен құттықтап, баяндамашыларға сәттілік тіледі. Бүгінгі конференцияның басты мақсаты - педагогикалық білім берудің шешілмеген проблемаларын талқылау. Конференция барысында бірнеше отандық және шетелдік жас ғалымдармен бірлесіп осы мәселені талқылайтын боламыз, - деді Бауыржан Сатыбалдұлы.
Университеттің 2-курс магистранты Асила Усенова «Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасап, осы салаға қажетті жаңашылдықтарымен бөлісті.
- 21-ші ғасырда қазіргі балаларға қандай білім мен дағдылар қажет деген сауал туындайды. Стандарттың талаптары күшейгені соншалық, дәстүрлі сауаттылық ұғымымен қатар, функционалдық сауаттылық ұғымы да пайда болды. Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мәселесі барлық конференцияларда вебинарларда талқыланады. Неліктен бұл мәселеге көп көңіл бөлінеді десеңіз бұл қажеттілік әлем бойынша айтылып келеді, - деді Аслиа Усенова.
Конференцияға жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің 1-курс докторанты Алтынгүл Саранжипова, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің 1-курс студенті Айжан Шәкенова, М.Қанапиянов атындағы жоғары колледждің 1-курс студенті Диана Мұсабекова, Өзбекстан республикасынан Зоология институтының 2-курс докторанты Отабек Убайдуллаев, Томск политехникалық университетінің 4-курс студенті Диана Иванова әртүрлі тақырыптарда баяндама жасады.
Ғылым онкүндіктің басты мақсаты – студенттердің, жас ғалымдардың ғылыми зерттеу жұмыстарына және жобалау бастамаларына қолдау көрсету. Осы он күн ішінде ғалымдардың ғылыми жетістіктерінің кітап көрмелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ғылыми жобалардың студенттік конкурстары, ғылыми мақалалар жазу бойынша семинарлар, шеберлік сыныптар, дөңгелек үстелдер өткізіледі.