Перейти к содержимому страницы.

Көрнекті ағартушы педагог Мұсахан Қанапияновқа арналған ескерткіш ашылды

03.09.2021

Павлодар педагогикалық университетінің Жоғары колледжі ғимаратының жанында көрнекті ағартушы педагог Мұсахан Қанапияновқа арналған ескерткіш бюсттің ашылу рәсімі өтті.

Аталмыш іс-шараға Қазақстан жазушылар одағының хатшысы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Қанапьянов Бақытжан Мұсаханұлы мен Еуразиялық мәдениет қорының Президенті, композитор Қанапьянов Ерулан Мусаханұлы қатысты.

Еуразиялық мәдениет қорының Президенті, Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ  ұлттық өнер академиясының құрметті профессоры, композитор Ерулан Қанапьянов отбасы атынан ескерткішті орнатуға атсалысқан барлық ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. «Бүгін отбасымыз үшін ерекше бақытты күн. Павлодар педагогикалық университеттің басшылығы мен бүкіл ұжымына алғысымызды айтамыз. Облыстық Білім және Мәдениет басқармалары басшыларының бүгінгі іс-шараға қатысуы – Павлодар облысы басшылығының өңірдің көрнекті тумаларының мұрасын сақтауға ерекше көңіл бөлетіндігін білдіреді», - деді Ерулан Мұсаханұлы.

Сондай-ақ ашылу салтанаты барысында «Мұсахан Қанапиянов» медальдерін табысталып, колледждің үздік педагогын Еуразиялық мәдениет қорының ақшалай  грант сертификатымен марапаттау,  Мұсахан Қанапиянов атындағы стипендиатқа сертификат-диплом тапсыру рәсімдері өтті.

Павлодар облысы Білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы, отандық педагогикада ерекше із қалдырған көрнекті педагог-ағартушыға ескерткіш орнатылуының  ерекше маңыздылығын атап өтті. «Ұстаздың жұмысын бағалаған кезде, оның шәкірттеріне назар аударады. Мұсахан Қанапиянов Шота Уәлиханов, Кәкімбек Салықов, Еркін Әуелбеков, Аманолла Рамазанов сынды Қазақстанның көрнекті қайраткерлерін тәрбиеледі. Болашақ мұғалімдерді дайындайтын оқу ордасына осындай ағартушы- ұстаздың атын берілуінің өзінде үлкен мән бар. Осы кісінінің есімі болашақтағы білім саласының мамандарына үлкен жігер береді деп сенемін», - деді ол.   

Мұсахан Қанапиянов 1918 жылы Павлодар облысының Төретұмсық деген жерінде дүниеге келген. Қазақ хандығының атақты билеушілері Салқам Жәңгір мен Сұлтанмәметтің тікелей ұрпағы. Оның әкесі Қанапия қажы Мұхамед-Шыңғысов шыққан тегіне байланысты 1932 жылы тұтқындалып, НКВД түрмесінде қайтыс болады.

М. Қанапияновтың Қазақстанның даму тарихындағы өткен ғасырдың ортасындағы қиын кезеңмен байланысты педагогикалық қызметі – қазақ жастарын оқыту және тәрбиелеу мәселелеріндегі жоғары кәсібилік пен адалдықтың үлгісі.  Өз заманының асқан білімді және бірнеше еуропа және шығыс тілін меңгерген жаңашыл педагог ретінде ол Қазақстандағы білім беру жүйесінің көрнекті ұйымдастырушысы болды. Небәрі 30 жасында ол облыстық халыққа білім беру бөлімдерін басқарды, Мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры болды.

М. Қанапиянов туралы бірқатар кітаптар мен мақалалар жарық көрді. Мұсахан Қанапияновтың 100 жылдық мерейтойына орай 2018 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша «Ұстаз» кітабы басылып шықты, сондай-ақ оның өмірі мен қызметі туралы «Тәлімгер» деректі фильмі шықты.

Uchenui Sovet6

Uchenui Sovet6

Uchenui Sovet6

Uchenui Sovet6

Uchenui Sovet6

Uchenui Sovet6

Uchenui Sovet6