ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ 120 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «МАРҒҰЛАН ОҚУЛАРЫ-2024» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
23.05.2024
Бүгін Марғұлан университетінде көптен күтілген ауқымды әрі маңызды шара болып жатыр. Көрнекті ғалым, академик, ұлттық археологияның негізін салушы Әлкей Марғұланның 120 жылдығына орай «МАРҒҰЛАН ОҚУЛАРЫ-2024» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы басталды.
Конференцияға келген қадірлі қонақтар алдымен академиктің ескерткіш-мүсініне гүл шоқтарын қойып, ғалымның рухына тағзым жасады. Содан кейін университеттің бас корпусында ҚР Орталық мемлекеттік музейінің «Ғылымның марқасқасы – Марғұлан!» көрмесін тамашалады. Көрме мақсаты – академик Ә.Х. Марғұланның ғылымдағы өмір жолын көрсету және оның Қазақстан археология ғылымының қалыптасуы жолындағы көпжылдық еңбегін насихаттау. Соның ішінде 1946-1950 жылдары аралығында ерте көшпелілер тайпалары мен ортағасырлық мәдени дәстүрді бейнелейтін артефактілер және ғалымның басшылығымен атқарылған Орталық Қазақстан экспедициясының негізінде жарыққа шыққан материалдар ұсынылды.
Конференцияның пленарлық отырысының шымылдығын Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев ашып, барша қатысушыларды маңызды шараның басталуымен құттықтады.
-Бұл конференция – біз үшін аса маңызды әрі мазмұны терең, салиқалы мәжіліс. Өйткені, біз ұлтымыздың ұлы есімдерін еске түсіріп, тағзым ету арқылы өз парызымызды атқарудамыз. Академик Әлкей Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, қолданбалы және сәулет өнерi мен металлургия саласы бойынша 300-ден астам ғылыми еңбек, 100-ден аса энциклопедиялық мақала жазған ғалым. Ғылыми еңбектері көптеген шет тiлдерiне де аударылды. Әлкей Марғұлан педагогика бағытында да еңбек жазды, қазақ халқының аңыз-ертегі мен жырларын зерттеп, тұңғыш халық педагогикасының негізін қалады. Біз академик Әлкей Марұланның биылғы 120 жылдығын мерекелеуді өткен жылдың соңында бастап кеттік. Себебі бұл біз үшін үлкен мәртебе және асқан жауапкершілік. Бұл біздің университет үшін ғана емес, бүкіл Ертіс-Баян өңірі үшін маңызды оқиға, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Конференция жұмысына Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, Әлкей Марғұланның қызы Дәнел Әлкейқызы, Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы қатысып, барша қатысушыларды ғалымның мерейтойымен және бүгінгі конференцияның ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, еліміздегі тарих және археология ғылымымен шұғылданып жүрген белгілі ғалымдар, Франция, Польша, Ресей, Белорусь, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан және Армения сынды елдерден қонақтар қатысып, баяндама жасады.
-Ертіс-Баян өңірі талай ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген киелі аймақ. Солардың ішінде отандық ғылымның дамуына теңдессіз үлес қосқан Әлкей Хақанұлы Марғұланның орны ерекше. Қазақ ғылымының атасы атанған Қаныш Сәтбаевтың төл шәкірті, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, энциклопедист ғалым Әлкей Хақанұлы шын мәнінде қайталанбас құбылыс. Осы ретте даңқты бабамыз Әлкей Марғұланның 120 жылдық мерейтойына арналған «Марғұлан оқулары-2024» халықаралық конференциясының ашылуымен құттықтаймын. Халықаралық деңгейдегі ауқымды жиынның мәнді де мазмұнды өтуіне тілектеспін, - деді Айзада Амангелдіқызы.
Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы «Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының 2023 жылғы жұмыстарының кейбір қорытындылары мен даму перспективалары» тақырыбында, археологиялық зерттеулер институтының директоры Тимур Смағұлов «А.Х.Марғұлан және Ертіс өңірінің археологиялық мұрасы» тақырыбында, т.ғ.к., доцент, К.Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулина «К.Ақышев еңбектеріндегі дала өркениетін зерттеу мәселелері» тақырыбында, т.ғ.к., Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінен келген жерлесіміз Марван Хамитова «Академик Әлкей Марғұлан және Алаш қайраткерлері. Рух биіктігі» тақырыбында баяндамалар жасады. Сонымен қатар, т.ғ.к., Варшава университетінің ғалымы Олена Черненко (Польша), PhD, Әзірбайжан ұлттық тарих мұражайының өкілі Лачин Халид оглы Мұстафаев, т.ғ.к., Беларусь Ұлттық ғылым академиясының өкілі Анастасия Владимировна Костюкевич сынды шетелдік қонақтар да халықаралық тарих және археология саласына қатысты маңызды тақырыптарда баяндама жасап, өз тұжырымдарын ортаға салды.