Перейти к содержимому страницы.

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕСІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

21.12.2022

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Инклюзивті білім беруді құрудың қағидаттары мен шарттары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Шараны педагогика жоғары мектебінің «Арнайы педагогика» білім беру бағдарламасы оқытушылары ұйымдастырды. Мақсаты – қазақстандық қоғамды ізгілендірудің құрамдас бөлігі ретінде инклюзивті білім беруді дамыту, осы жолда ғылымның, тәжірибенің және жұртшылықтың күш-жігерін біріктіру. Сондай-ақ, инклюзивті білім берудің теориялық және әдістемелік негіздерін талқылау, арнайы, жалпы және кәсіптік білім беруде қазақстандық және шетелдік тәжірибені талдау.

Конференцияны педагогика жоғары мектебі деканының орынбасары А.Қ.Мурзатаева және қауымдастырылған профессор, философия PhD докторы Э.Ю.Сәрсембаева ашты.

- Инклюзивті білім беру – бүгінгі өмірдің сұранысы және халықаралық стандарт болып табылады. Қазақстанда инклюзивті білім беруді қажет ететін 160 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Олардың тек 23 пайызы ғана осындай білім беру процесіне қатысады. Осы статистикаға сүйене отырып, бүгін біздің конференцияда инклюзивті білім берудің көптеген өзекті мәселелерін талқылайтын боламыз, - деді педагогика жоғары мектебі деканының орынбасары Алтынай Мурзатаева
Конференцияға Павлодар облыстық білім беру басқармасы балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің бас маманы Ж.О.Айтмұхамбетова, білім беруді дамытудың инновациялық орталығының әдіскері М.Г.Садықова, №1 арнайы балабақша-мекеп-интернаты басшысы Н.К.Төлемісова, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық ұйымының өкілі А.Ж.Нұрахметова қатысты. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының оқытушылары, жалпы және арнайы білім беру жүйесінде жұмыс істейтін мамандар, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары қатысты.

Конференцияға сарапшы ретінде Түркия, Әзірбайжан, Ресей және Беларусь Республикасынан инклюзивті білім беру саласындағы халықаралық мамандар тартылды. Шетелдік қатысушылар тиісті ғылыми зерттеулерін ұсынып, мектепке дейінгі білім беруден бастап жоғары білімге дейінгі практикалық тәжірибелерімен бөлісті.