ҒЫЛЫМ ОНКҮНДІГІ ОСЫЛАЙ ӨТТІ
26.04.2022
Қазақстанның ғылым саласы қызметкерлері күні мен Павлодар педагогикалық университетінің 60-жылдық мерейтойына орай Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі 12-22 сәуір аралығында Ғылым онкүндігін өткізді.
Ғылым онкүндігі аясында «Тарих» Білім беру бағдарламасының профессорлары, тарих ғылымдарының кандидаты, декан А.Е.Кәрімова, т.ғ.к., доцент Н.Е.Күзембаев, т.ғ.к., доцент З.Ш.Айткенов, т.ғ.к., доцент К.К.Қанафин, т.ғ.к., доцент А.С.Аманова және докторант Р.Қилаш секілді ғалымдар С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми кітапханада ашық қоғамдық дәрістер оқыды. Оған Павлодар қаласы колледждерінің студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.Е.Өтепова мен «Тарих» білім беру бағдарламасының докторанттары өткізген «Тарихты оқыту әдістемесі: жетілдіру және инновациялар» атты ғылыми-практикалық семинарға тарих мұғалімдері қатысып, сертификат алды. Семинар барысында дөңгелек үстел, шеберлік-сыныптар, интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылды.
«Margulan Centre» ғылыми орталағының директоры Т.Н.Смағұлов Дүниежүзілік Ғылым күніне орай «Margulan Centre» орталығында Ашық есік күнін ұйымдастырды. Көне Қимақ қағанаты мен Павлодар өңіріндегі Қазақ қағанаты тарихын зерттеу экспедициясы Ш.Уәлиханов және Г. Потанин ескерткіштері жанынан басталды. Бұл оқиға БҰҰ «ЮНЕСКО» ұйымының «Тарихи Отанымызды сақтаймыз!» ұранымен басталды. Аталмыш шараға «Тарих» білім беру бағдарламасының білім алушылары қатысты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор З.К. Темирғазина «Келбетті және көріксіз адамды кіммен салыстырамыз: тілдегі әдемілік пен ұсқынсыздық эталоны» атты онлайн дәріс өткізді. Дәріске Қазақстан және ТМД елдері университеттерінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Профессор Г.С.Сейілбекова Павлодар қаласының «Жас Дарын» мамандандырылған мектебінің мұғалімдері мен оқушыларына «Тіл жаңа сөздерді қалай меңгереді» атты ашық дәріс оқыды.
Ғылым онкүндігі аясында «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы Республикалық пән олимпиадасын өткізіп, оған еліміздің әр түкпірінен ЖОО студенттері қатысты. І орынды Шәкәрім университетінің командасына, екінші орын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті және Еуразия гуманитарлық институтының командаларына бұйырды. Ал ІІІ орынды А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті иеленді. Қауымдастырылған профессор М.И.Оразханова «Импакт-факторы бар журналға арналған бірлескен мақаланың қолжазбасын талқылау және жазу» атты семинарын, PhD, доцент А.К.Сүлейменова «Қазіргі қоғамдағы лингвоэкология мәселесі» атты ғылыми-практикалық семинарын өткізді.
«Шетел тілі: екі шет тілі» БББ-ның қауымдастырылған профессоры Б.Д.Нығметованың «»Мектептегі ғылыми жоба: Неге? Не? Қалай?» тақырыбында ұйымдастырған семинарға қала мектептерінің 8-10 сынып оқушылары қамтылып, 43 оқушы қатысты.
Ғылым онкүндігі аясында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ә.Д.Әміренов, Н.К.Ахтаева, PhD докторы З.Ш.Айткенов, т.ғ.к., доцент Д.В.Пашканьян студенттік үйірмелерде ашық сабақтар өткізді.
Осы күндері «Жаңа қоғамдағы жастардың әлеуеті: білім мен ғылымның сапасы» халықаралық ғылыми-практикалық XII студенттік конференциясы өтті. «Тарих», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Русский язык и литература» және «Шетел тілі: екі шет тілі» секциялары бойынша 1, 2, 3 орындар берілді. Конференцияға «Жас зерттеуші», «Шығармашыл тұлға» және «Авторлық көзқарас» номинациялары бойынша ғылыми бағытты ұстанған білім алушылар қатысты.
22 сәуір күні Гуманитарлық ғылымдар Жоғары мектебінің Ғылым онкүндігінің жабылу салтанатында атқарылған іс-шаралар жөнінде бейнеролик көрсетіліп, декан А.Е.Кәрімова мен тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.Е.Өтепова және ғылым жөніндегі вице-декан А.К.Сүлейменова ғылыми шараға қатысқан барлық оқытушы-профессорлық құрамға «Алғыс хат» табыс етті. Белсенді атсалысқан студенттер мен магистранттарды және докторанттарды 1, 2, 3-дәрежелі дипломмен марапаттады.