ҒЫЛЫМ ЖОЛЫ - АУЫР ЖОЛ!
12.04.2024
Қазіргі қоғам үшін ең өзекті саналатын экологиялық салада күрделі ғылыми зерттеулер жасап жүрген ғалымдардың бірі- Марғұлан университетінің профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Оспанова. 12 сәуір - Ғылым қызметкерлері күніне орай ғалымның еңбек жолы, ғылыми зерттеулері жайлы әңгімелескен едік.
Айнагүл Кенжешқызы - Семей өңірі, Абай ауданына қарасты Медеу орта мектебін күміс медальға бітірген. 1991 жылы Павлодар педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен тәмамдап, университет қабырғасында оқытушы болып қалуды шешкен. Ол кезде қазақ топтарына беретін мамандар тапшы болған екен. Біріншіден осы олқылықтың орынын толтыруды көздесе, екіншіден өзі білім алған саланы терең зерттеп, ғылымға бет бұруды көздейді. Алдымен биология кафедрасында бір жылдай лаборант және бір жылдан кейін оқытушы болып жұмысын жалғастырған.
-Оқытушы болып жүріп ғылыми зерттеулермен айналыса бастадым. Ғылымға келуіме сол кездегі профессор оқытушылық құрам тікелей әсер етті, қолдау көрсетті. Олардың қатарында Ботакөз Шаймарданова, Қанат Ахметов, Айгүл Акимова, Бақытжамал Ғабдулқаева, Нұргүл Сағиқызы сынды ұлағатты ұстаздардың еңбегін атамай кетуге болмайды. Ол кісілер көп жастарды ғылым жолына жетелеп әкеліп, үлкен ғалым болуға ықпал етті. Ол кезде ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары сабақ беретін. Сол кісілердің берген білімдері арқылы ғылымға деген құштарлығым артты. Сол кезден бастап, жеке ғылыми жобаларға қатыса бастадым. Торайғыров университетінде ботаника саласы бойынша аспирантура ашылған еді. Сонда түсіп, ғылыми жетекші ретінде Сардарбек Абиев есімді ағамызды таңдап алдым. Кандидаттық диссертация тақырыбы Павлодар облысындағы ағаш және бұта өсімдіктерінің ауру қоздарғыш саңырау құлақтарын зерттеуге арналды. Осы зерттеу бойынша ботаника және фитоинтродукция институтының зертханасында жұмыс істедім. Сол зертхананың мамандарынан көп тәжірибе алдым,-дейді Айнагүл Кенжешқызы.
2009 жылы кандаидаттық диссертация қорғады. Сонымен қатар, ғылыми мақалалар жазып, түрлі халықаралық деңгейдегі журналдарда жариялай бастады. Осы саладағы талмай жүргізілген ізденістерінің, зерттеулерінің нәтижесінде 2020 жылы толық профессор атағын алды.