ҒАЛЫМДАР ҚАЗІРГІ ҰСТАЗ ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК ЕКЕНІН ТАЛҚЫЛДЫ
22.02.2023
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасының шетелдік ғалымдары мен жетекші жоғары оқу орындарының қатысуымен педагогика ғылымдарының кандидаты, Педагогика жоғары мектебінің профессоры Назымгүл Асенованың мерейтойына арнлған «XXI ғасыр педагогы: заманауи талап және құзыреттіліктер» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Университет ректорының атынан құттықтау сөз сөйлеген университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин Назымгүл Әсенованың университеттің дамуына, профессор-оқытушылар құрамын даярлауға қосқан зор үлесін атап өтті. Торайғыров атындағы университет ректоры, облыстық кәсіподақ ұйымы, сонымен қатар оқытушылар мен университет түлектерінің атынан да құттықтау хаттар келіп түсті.
Шараға университеттің баспасөз қызметінің жетекшісі Зұлқарнай Ермұратұлы модераторлық етті.
Дөңгелек үстел жұмысы конструктивті диалог және қатысушылардың пікір алмасу форматында өтті. Зерттеушілер мен практиктер педагогикалық қауымдастықтың назарын қазіргі білім беру саласындағы проблемаларға, оның сапасына қойылатын талаптардың артуы жағдайында аударды.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ақмарал Мағауова ҚазҰУ мысалында қазіргі жастарды оқыту мен тәрбиелеу жүйесіне арналған ойшыл Әл-Фараби идеяларының рөлі мен маңыздылығын көрсетті.
«Жоғары оқу орындарына жаһандық ой-өрісі бар, рухани деңгейі жоғары, қазақстандық қоғамның болашағы мен бүкіл адамзат үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын, ел мен әлем азаматтарының жаңа буынын қалыптастыру үлкен миссия жүктелген», - деп атап өтті Ақмарал Мағауова.
Педагогика ғылымдарының докторы, Ұлттық бизнес институтының (Мәскеу, Ресей Федерациясы) гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Валерия Сергеева тыңдаушылар назарын заманауи білім беру үрдістеріне аударып, Қазақстандағы инновацияларға салыстырмалы талдау жасай отырып, ресейлік ғалымдардың зерттеулерінің нәтижелерімен таныстырды.
Дөңгелек үстелге университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, ТжКБ оқытушылары, жалпы білім беретін мектептердің оқытушылары, магистранттар қатысты. Қатысушылар назарына «Өмірі – өнеге, еңбегі – үлгі...» фильмі, студенттер арасында жүргізілген блиц-сауалнаманың нәтижелері ұсынылды.
Спикерлердің баяндамалары барысында пікір алмасу және белсенді ғылыми талқылау үшін еркін микрофон жұмыс істеді. Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша ғылыми баяндамалар жинағы шығарылады.