"ҒЫЛЫМ ТАППАЙ МАҚТАНБА..."
10.04.2023
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы, ректор Жанбол Жилбаев университеттің докторанттарымен және олардың жетекшілерімен кездесті. Кездесу ЖОО-ның ғылым онкүндігі аясында өтті. Жиынның басты мақсаты – университеттің жас ғалымдарына қолдау көрсету, докторанттардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды. Жиында ғылыми-зерттеу қызметі мен ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастырудың өзекті мәселелері талқыланды. Талқылау барысында докторанттар ғылыми жетекшілерімен бірге Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру жобалары аясында іске асырған ғылыми нәтижелерімен бөлісті.
-Бүгінгі күні ғылымға кеңінен көңіл бөлінуде. Жас ғалымдардан шет елдердің оң тәжірибесін алып, тиімді мониторинг жүргізуді талап етеді. Себебі, ғылым - өмірдің барлық салаларында прогресс, қозғалыс, даму беретін күш. Ғалымдардың жетістіктері адамзатты өмірдің жаңа деңгейіне көтеріп, оның сапасын арттырады. Біздің университетте ғылымға ерекше мән беріледі. Жас мамандар мен зерттеушілерге жағдай жасалып, іргелі ғылыми зерттеу бағдарламалары іске қосылуда, - деп атап өтті Жанбол Октябрьұлы.
Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде ғылым саласын дамыту бойынша елеулі жаңалықтар орын алуда. Бүгінгі күні оқу орнында 24 докторант білім алады. Олардың тоғызы 1 курста, алтауы 2 курста, тоғызы 3 курста оқиды. Жақында университетте «Биология» пәні мұғалімі мамандығы бойынша диссертациялық кеңес ашылған. Қазіргі уақытта «Тарих» бойынша ашу үшін құжаттар әзрленуде. Біздің университеттің докторанттары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржылық қолдауымен зерттеу тобының құрамында жобаларға қатысуда. Мысалы, "Биология" ББ докторанттары А.Қожанова мен Б. Кәрімова биологиясы бойынша ауылдық мектеп оқушыларының пәндік құзыреттілігін қалыптастыру, Жандос Мұсаев "Жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, Павлодар қаласының өнеркәсіптік аймағының экологиялық мониторингі" жобасын іске асыруда.
Марғұлан университетінің докторанттары әлемдегі алдыңғы қатарлы, ғылыми әлеуеті жоғары университеттерде тағылымдамадан өтуде. Яғни, университет басшылығы бұл салаға да ерекше көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда 5 докторант тағылымдамадан өтіп жатыр. Новосібір мемлекеттік техникалық университетінде (Ресей) екі докторант - Балтабек Аяна, Әубәкіров Талғат, Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінде (Ресей) екі докторант - Құсайынов Данияр, Қилаш Расул, Өзбекстан Ғылым Академиясының Зоология институтында бір докторант - Қожанова Ақтоты тағылымдамада.
Марғұлан университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин өз баяндамасында елімізде жас ғалымдардың ғылыми жобаларын жүзеге асыру, оларды ынталандыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Мәселен, соңғы жылдары ғылым саласына бағытталған қаржы көлемі 3,5 есеге дейін артып, 2022 жылы 58,2 млрд. теңгеге, 2023 жылы 158,6 млрд. теңгеге жеткен.