Перейти к содержимому страницы.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

27.01.2022

Бүгін Павлодар педагогикалық университетінің ұжымы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына онлайн форматта қатысты.

Келелі кеңесте Білім және ғылым саласындағы өткен жылғы жұмыс қорытындыланып, 2022 жылға арналған жоспар түзілді.

Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жоғары білім беру жүйесіне оқытудың жаңа онлайн құралын енгізу жоспарланғанын атап өтті. Демек, келешекте онлайн университеттер ашылады деген сөз. Бұдан өзге шетелдік жоғары оқу орындарының филималдарын аш да жоспарда тұр. Осы ретте жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттар саны 5 мыңға артып отыр. Бүгінгі таңда министрлік білім және ғылым саласын дамытуға нақты міндеттер қойып, жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Өткен жылғы жасалған жұмыстар биыл да жалғасады. Бүгінгі таңда білім беру бағдарламаларын жүйелеу бойынша арнайы жоспар бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес техникалық мамандықтарға көп көңіл бөлінбек. Бұл тізімге ІТ бағыты да жататындығын естен шығармаған жөн. Соған байланысты техникалық және IT-бағыттарға гранттар 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылады.

Жиында көтерілген келесі мәселе қазақ тілінің ахуалын қатысты өрбіді. Мемлекеттік тілді дамыту аясындағы жұмыстар қарқын алуы шарт. Осы ретте арнайы әзірленген 7 ІТ жобаны жарыққа шығару қажет. Павлодар педагогикалық университеті мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруды алғашқы орынға қоятын оқу ордаларының қатарына. Бұл жердегі кез-келген шара қазақ тілінде жүргізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бері мұғалімдердің еңбек ақысы 75%-ға көтерілді. Бұл педагог мәртебесін арттыру бағытында жасалып жатқан жұмыстардың жемісі. Университет басшылығы да бұл бағытта баса мән беріп отыр. Бұл саладағы кешенді жұмыстар легі тоқтатылмақ емес.

Академиялық еркіндікті одан әрі кеңейту жоғары оқу орындарының жұмысын біршама жеңілдетпек. Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын іске асыруды, сондай-ақ жоғары оқу орындарының жеке оқу жоспарларының құрылымын өздігімен бекітуге мүмкіндік туғызады.

Биыл балалар жылы деп жарияланды. Алқалы кеңесте балалар құқығын қорғау тақырыбы да өзектілігін жоғалтпады. Әрине, бұған дейін де алдыңғы қатардағы сұрақтардың бірі ретінде талқыланатын бұл тақырып. Бірақ, биыл ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, елде карантиндік шаралар енгізілген мезетте, онлайн оқу басталғанда, балалардың барлығы білім алуға қажетті құрал жабдықтармен қамтылған еді.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов министрліктің қызметіне оң баға беріп, мемлекет басшысы берген тапсырмаларды сапалы орындаудың маңыздылығын атап өтті.