Перейти к содержимому страницы.

«АКАДЕМИК Ә.Х.МАРҒҰЛАН ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МӘДЕНИ-ТАРИХИ МҰРАСЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ»

12.05.2022

Павлодар педагогикалық университетінде «Академик Ә.Х.Марғұлан еңбектеріндегі қазақ халқының мәдени-тарихи мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Конференция көрнекті жерлесіміз, ғалым-археолог, этнограф, шығыстанушы, тарихшы Әлкей Марғұланның туған күніне орай ППУ гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Конференция шымылдығын ППУ ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин ашып, баяндамашылар мен қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Академик Әлкей Марғұлан қазақ халқының тарихын материалдық және рухани тұрғыда өте терең әрі ауқымды зерттеген ғалым. Ол Қазақстан ғылымының көптеген салаларын, атап айтқанда қола дәуірінің орта ғасырлық археолгиясын, қазақ халқының мәдениеті мен өнер тарихын зерттеп, этнографиясының негізін салушы ретінде тарихта қалды. Ғалымның асыл мұралары жас ғалымдар мен зерттеушілер үшін баға жетпес дереккөзі болса, музей мамандары үшін құнды жәдігерлер қатарында. Еліміздің ертеңі үшін аянбай тер төккен әрбір тұлға дәріптеуге лайықты, - деді Бауыржан Сатыбалдыұлы.

Конференцияның модераторы – гуманитарлық жоғары мектебінің деканы Анар Кәрімова. Пленарлық отырысының басында қатысушыларға Әлкей Марғұлан туралы деректі фильм көрсетілді. Халықаралық конференцияға Қазақстанның және бірнеше шетелдік жоғары оқу орындардың ғалымдары қатысып, баяндама жасады. Атапа айтқанда, ППУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейфитден Сүтжанов, Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Марван Хамитова, ППУ Margulan Centre директоры Тимур Смағұлов, Ресейдің Д.Банзаров атындағы Бурят мемлекеттік университетінің ғылым жөніндегі проректоры Викторий Номогоев, Украинаның Т.Г.Шевченко атындағы мемлекеттік университетінің доценті Елена Черненко сынды т.б ғалымдар Академик Марғұланның ғылымға сіңірген еңбегі туралы айтты.