ҚЫЗЫЛОБА ШАТҚАЛЫНДА АРХЕОЛОГТАР ТАПҚАН ЕЖЕЛГІ КЕСЕНЕНІҢ САЛЫНҒАН УАҚЫТЫ АНЫҚТАЛДЫ
16.12.2020
Павлодар педагогикалық университетінің «Margulan Centre» ғалымдары 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында зерттелген көшпелі билеушілер жерленген кесененің салынған уақытын анықтады. Жерлеу орнынан алынған артефактілер жиынтығы мен жерлеу дәстүрінің сараптамасы Қызылоба шатқалындағы кесене құрылысын XIV ғ. 30-шы жылдарына жатқызуға мүмкіндік берді. Табылған олжалардың маңыздысы – күміс монеталар, олар Алтын Орда астанасы Сарай қаласында Өзбек хан тұсында XIVғ. 30-жылдардың екінші жартысында соғылған болатын. Ғалымдардың пікірінше, ортағасырлық кесененің қабіріне Жошы хан әулетінен шыққан өкілдер жерленген.
Қазба жұмыстары
Қызылоба кесенесінен табылған Өзбек ханның күміс монеталары.
Қызылоба кесенесінен табылған алтын бұйымдар.
Қыш құмыра.
Археологиялық экспедиция жетекшісі Тимур Смагуловтың пікірінше, ортағасырлық билеушілердің 7 кесенесінің болуы Алтын Орда және Қазақ хандығының құрылуы кезеңінде Солтүстік Қазақстан даласын мекендеген көшпенділердің бұрын ғылымға беймәлім болған мәдени-саяси және қасиетті орталығының осы ауданда орналасқанын көрсетеді.
Кесенелерден басқа археологтар күйдіру пештері түріндегі ортағасырлық қолөнер өндірісінің және арықтардан, бөгеттерден, су көтергіш құрылғылардан тұратын ежелгі суару жүйесінің іздерін анықтады.
Дамыған отырықшы егіншіліктің дәлелі академик Ә.Х. Марғұланның ежелгі Орталық және Солтүстік Қазақстан аумағында ортағасырлық қалалық мәдениет ескерткіштерінің бар екендігі туралы гипотезасының пайдасына дәлел бола отырып, мұнда қоныстар мен қалалардың орналасуын көрсетуі мүмкін.
Қызылоба кесенесінің қазба жұмыстары.
Алтын Орда көшпенділерінің мұрасын зерттеу бойынша археологиялық экспедиция 2021 жылы өз жалғасын табады. Зерттеулер Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан Сілеті өзенінің төменгі ағысының аңғарында болады деп жоспарланған.