Перейти к содержимому страницы.

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ОРАЙ ТАРИХШЫЛАР ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

14.12.2023

Бүгін Достық үйінде Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Д.Е. Ибраевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай өткізілген дөңгелек үстел барысында Саяси қуған-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиясы жұмыс топтарының ғылыми-зерттеу нәтижелері ұсынылып, «Политические репрессии в Павлодарском Прииртышье: судьбы людей в архивных документах» және «История политики репрессий в Павлодарском Прииртышье» архив құжаттары мен материалдары жинақтарының тұсауы кесілді.
Атап өтетін болсақ, аталған еңбектерді дайындауға университетіміздің тарихшы ғалымдары Анар Еркенқызы Кәрімова, Болат Құдайбергенұлы, Аймекен Мерекеқызы Сыздыкова, Зият Шайманұлы Айткенов, Алия Сәрсенбайқызы Молдакимова, Айгүл Маратқызы Садыкова белсенді қатысты. Бұл еңбектер оған дейін шыққан архив құжаттары жинақтарының жалғасы.

Жиын барысында саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мұрағаттық құжаттарды құпиясыздандыру және тың мәліметтерді жинақтаудағы орасан жұмысы үшін Марғұлан Университетінің ғалымдарына Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесі басшысы Сабыр Қасымбектің атынан алғыс хаттар табыс етілді.

«История политики репрессий в Павлодарском Прииртышье» архив құжаттары мен материалдары жинағына пікір берген Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Тарих» білім беру бағдарламасының жетекшісі Бауыржан Нариманұлы Абдрахманов ХХ ғасыр тарихында орын алған саяси қуғын-сүргін құрбандарының тарихын жан-жақты және жүйелі түрде зерттеп-зерделеуге Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашада шыққан № 456 Жарлығының маңызының зор болғанын атап өтті.

Жарлыққа сәйкес елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Осыған байланысты республика аймақтарында өңірлік комиссиялар жасақталып, ғалымдарды, архив және заң саласы мамандарының күшін біріктірген жұмыс топтары құрылды. Оңірімізде бірнеше зерттеу бағытын қамтитын үш жұмыс тобы бар. Бұгінде зерттеушілер бұрын-соңды қол жетпеген, құпия болып саналған архив құжаттарымен жұмыс істеуге мүмкіндік алып, ғылыми айналымға жаңа құнды деректерді енгізуде. Бұл өз алдына сол тарихи кезеңде орын алған оқиғаларға обьективті бағаның беріліп, тарихи әділеттіліктің қалпына келтірілуі үшін маңызды.