Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АРХЕОЛОГТАРЫ КӨШПЕЛІ САҚТАРДЫҢ ҚОЛА ПЫШАҚТАРЫН ТАПТЫ

17.07.2025

Павлодар облысының Баянауыл ауданында Марғұлан университетінің археолог студенттері сирек кездесетін құнды жәдігерлерді тапты — екі қола пышақ, олар сақ көшпелілеріне тиесілі. Құнды жәдігерлер Торайғыр көлінің маңындағы сақ қорғанында жазғы далалық тәжірибе кезінде анықталды.

— Биыл біз Торайғыр-6 атты белгілі ескерткіште жұмыс істеп, тас төбенің шыңын зерттедік. Сол жерде жаңа қорғандар тобы — Торайгыр-7 анықталды. Екі қорғанды  қазу барысында біз қола пышақтарды таптық, олар сақ дәуірінің ерте кезеңіне жатады, — деді Марғұлан университетінің археологиялық қорларының бас сақтаушысы Елена Тушева.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл Павлодар облысында табылған ең көне қола бұйымдардың бірі.

— Пышақтар жергілікті қоладан ежелгі технологиямен құйылған, бірақ стилистикалық жағынан ерте темір дәуіріне жатады. Бұл аймақта дамыған металлургиялық технологиялар мен тұрақты мәдени байланыстардың болғанын растайды, — деді Елена Тушева.

Сонымен қатар, осы заттар табылған жердің де тарихи маңызы зор. Археологтар Тасмола мәдениетінің өкілдерінің қалдықтарын тапты.

— Қаңқа-сүйектер жақсы сақталған, жыныс, жас және антропологиялық сипаттамаларды анықтауға мүмкіндік берді. Ал төменгі қабатты тазартқан кезде біз тағы бір, одан да көне, андронов мәдениетіне жататын қабірге тап болдық, — деді «Тарих» бағдарламасының студенті Ангелина Грищенко.

Ғалымдардың пікірінше, қабір мәдениеттің сабақтастығын және түрлі дәуірлердің өзара әрекеттесуін көрсетеді.

Марғұлан университеті Баянауыл аймағында 10 жылдан астам уақыт бойы зерттеулер жүргізіп келеді, отандық археологиялық мектептің дәстүрлерін жалғастырып, Ә. Марғұлан, М. Қадырбаев, А. Акишев сынды ғалымдардың «мұртты обаларды» ашқан жолын жалғастыруда.

Бүгінде университет Баянауладағы негізгі археологиялық ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етеді. Марғұлан университетінің Археологиялық зерттеулер институтының жұмысының арқасында екі ірі объекті музейлендірілді: Кемпіртас тауындағы қола дәуірінің тас мазарлар алқабы және Торайғыр-6 ритуалды-жерлеу кешені.