MARGULAN UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫ 3,2 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ҒЫЛЫМИ ГРАНТТАР ҰТЫП АЛДЫ
23.07.2025
Марғұлан университетінің бірден төрт ғылыми жобасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті жариялаған республикалық конкурстың жеңімпазы атанып, 2025-2027 жылдарға қаржыландыруға ие болды.
Олардың ішінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы ерекше орын алады: «Қазақстандағы дарынды балаларды дамыту үшін педагог кадрларды даярлаудың кешенді ғылыми-инновациялық жүйесін құру».
Университет ректоры Ержан Әмірбекұлы атап өткендей, жоба дарынды балалармен жұмыс істей алатын мұғалімдерді даярлауға арналған қазақстандық педагогикалық технологияны әзірлеуге бағытталған. Жобаның бірегейлігі – заманауи диагностикалық және білім беру технологияларын қолдануында. Бұл өз кезегінде:
-дарындылықты анықтау мен диагностикалаудың тиімділігін арттыруға;
-педагог кадрларды даярлау сапасын жақсартуға;
-елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
Жобаға шетелдік ғалымдар да қатысуда.
Ғылыми жобалардың жетекшілері Есенгельдин Б.С., Асаинова А.Ж., Ахтаева Н.Х., Абыкенова Д.Б. лайықты жеңістерімен құттықтаймыз! Барлық зерттеу топтарының мүшелеріне табысты жұмыс, жаңа ғылыми жаңалықтар, халықаралық жарияланымдар және еліміздің ғылымы мен жоғары білімінің дамуына үлес қосуларына сәттілік тілейміз!