«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ҰЛТ ТАРИХЫН ТҮГЕНДЕУДЕ
16.04.2020
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің тарихи-мәдени, рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны айдан анық. Биыл бұл маңызы зор мақаланың шыққанына 3 жыл толды. Содан бері Қазақ елінде 90 мыңнан аса тарихи-танымдық жобалар мен іс-шаралар жүзеге асыпты. Ертіс-Баян өңірінде де бұрын-соңды ашылмаған тарихи нысандар зерттеліп, ұлы тұлғалардың еңбектері насихатталды. Осы ретте Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің мұрындық болуымен ауыз толтырып айтарлықтай шаралар жүзеге асты. Оқу орнының ректоры Алтынбек Нухұлынан бағдарламаның кезеңдік қорытындылары жайлы әңгімелеп беруді сұраған едік.
- Алтынбек аға, сіз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірімізде жүзеге асқан жобалар-дың басы-қасында жүрсіз. Өткен үш жыл көлемінде ПМПУ тарапынан қандай жұмыстар атқарылғанын тарқатып айтсаңыз...
- Тәуелсіз Қазақстанның рухани тарихында ерекше орын алған оқиға «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басталуы болды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің келешек рухани бағыты мен мәдени-өркениеттік кеңістігіне кең өріс берді. Бұл – кейбір ескерілмей келген ұлттық құндылықтарға қозғау салып, сараптама жасаған стратегиялық еңбек екені шүбәсіз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша университетіміз ауқымды жобаларды бірінші күннен бастап қолға алған болатын. Солардың бірі – археологиялық қазба жұмыстары. Бұл бағыттағы шараларды ПМПУ жанындағы «Margulan centre» археологиялық орталығы іске асырып келеді. Орталық әу баста оқушылар мен студенттер санасына қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және тарихи, мәдени мұраларды насихаттау мақсатында құрылған. Содан кейін Ертіс-Баян өңірінің археологиялық мұраларын зерттеуді қолға ала бастады. Орталық жанындағы үш бірдей ғылыми зертхана ежелгі жәдігерлердің құпиясын ашуда. Сонымен қатар, осы өңірдің географиясын, этнологиясын, этнографиясын және ежелгі технологиялар мен материалдарына талдау жасайды. Осы «Margulan centre»-де университетіміздің «Рухани жаңғыру» орталығы да игі істерді атқарып жатыр.
2017 жылдың қыркүйек айында біздің бастамамызбен және «Сұлтанбет сұлтан» қоғамдық қорының қолдауымен «Margulan centre» археологиялық орталығының аумағында XVIII ғасырда өмір сүрген әйгілі Сұлтанбет сұлтанның үй-жайы тұрғызылды. Ежелгі үлгі бойынша бой көтерген үш ағаш үйден тұратын нысан бүгінгі таңда үлкен тарихи кешенге айналып үлгерді. Республика деңгейінде маңызы зор тарихи-мәдени нысандардың қатарына кірді. Сонымен қатар, біздің ғалымдар облыс әкімдігінің қолдауымен «Алтын төбе» және «Әулиекөл» археологиялық кешендеріне барып, Қимақ дәуіріне тиесілі археологиялық ескерткіштерге зерттеу жүргізді.
- ПМПУ - аймағымыздағы ұстаз-дардың ең үлкен ордасы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлт педагогтарының еңбегін насихат-тау бағытында қандай жұмыстар жүргізілді? -
Ұлтымыздың ұлағатты ұстазы, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің бес томдық шығармалар жинағын алғаш рет жарыққа шығардық. Біз педагогикалық бағыттағы оқу орны болғандықтан Ыбырайатамыздың ұлағатты өсиеттерін насихаттау көптен бері ойда жүрген және бізге жүктелген ізгілікті міндет еді. Өткен жылдың соңында Әл-Фараби және Абай сынды қазақ педагогика ғылымының негізінқалаған тарихи тұлғалардың портреттерімен бірге қысқаша мәліметтерді университетіміздің бас корпусының төріне іліп қойдық. Бір қуаныштысы, осы ПМПУ-дің портреттік галереясының тұсаукесері қоғам және мемлекет қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовтіңқатысуымен және ол кісінің есімі берілген орталықтың ашылуымен қатар өтті. Сонымен қатар, Ертіс-Баян өңірінде туып,ұлт ағарту саласына өлшеусіз үлес қосқан жерлестеріміздің портреттері де өз орындарын тапты деп ойлаймын. Себебі, қазақ халқының кәсіби педагогикалық мектебінің қайдан тамыр алғанын болашақ ұрпақ білуі керек. Ұлт тәрбиесіне еңбегі сіңген ұстаздар жайлы жасаған жоба бұл ғана емес. Мектеп түлектерінің ұранына айналған «Ұстазым» әнінің сөзін жазған көрнекті ақын, жерлесіміз Аманжол Шамкеновке университетімізде арнайы бұрыш ашылды. Сондай-ақ, белгілі ғалым-өлкетанушы Тілеукен Еңсебаевтың жеті томдық кітабы басылып шықты. Бұдан басқа кезінде бізде еңбек еткен және еңбек жасап жүрген ардагер ұстаздар туралы «Өнегелі тұлғалар» атты жинақтың бірнеше томдық сериясы дайындалып жатыр. Социалистік Еңбек Ері, ұстаз Рафиқа Нұртазинаға да алғаш рет ПМПУ-да арнайы кабинет ашылды.
- Сіз өлкетану бағытында да бірқатар жобаны қолға алдыңыз және туған жерге қолғабыс жасау мәселесін жиі көтеріп келесіз...
- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұсыныстардың бірі – «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру еді. Осы жобаны іске асыру үшін Баянауылдағы Торайғыр көлі маңына аспан астындағы археологиялық музей ашуды қолға алдық. Осы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Баянауыл көнелері» атты туристік апробация өткізілді. Нәтижесінде аталған жерлердің болашақтағы туристік мүмкіндіктері айқын-далды. Бұл жобаның жалғасы ретінде «Хан Қорық» халықаралық жастар фестивалін өткіздік. Оған Қытай, Моңғолия, Ресей оқу орындарының студенттері қатысты. 2018 жылы «Ақкелін» тарихи-мемориалдық кешені жобасын бастап, оны сол жылдың қазан айында толығымен аяқтадық. Ол жобаның құрамына қоғам және мемлекет қайраткері Мұса Шорманұлының кесенесі, Шорман би әулетінің үй-жайы және музей кірді. Кесене Ақтау қаласынан жеткізілген ұлутастан қаланды. Биіктігі – 9 метр, жалпы аумағы – 500 шаршы метр. Жалпы, бұл кешеннің салынуына қарапайым халық барынша атсалысты. Сол тұста қолдау көрсеткен Баянауыл ауданының әкімі мен облыс басшысына ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл кешен республикалық маңызы бар қасиетті нысандардың қатарына енді. «Туған жер» жобасы аясында Павлодар облысының қасиетті нысандар картасын жасауды да қолға алдық. Нәтижесінде, Ертіс-Баян өңірінің тарихи-мәдени орындары ғылыми тұрғыда жүйеленіп, оған баға берілді. Аудан бойынша нысандардың төлқұжаты әзірленді. Содан кейін «Рухани жаңғыру: ұлы дала уақыты» атты деректі фильм түсіріліп, «Қасиетті Баянауыл» туристік маршруты жасалды.
- Осыдан бірер жыл бұрын 5, 6 және 7-сынып оқушыларына арналған «Өлкетану-Краеведение»оқулығын екі тілде дайындап, мектеп бағдарламасына енгіздіңіз. Жалпы, осы жобаның нәтижесін байқай алдыңыз ба?
- «Өлкетану-Краеведение» оқулығын дайындауымызға Елбасының: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген бір ауыз сөзі түрткі болды. Оқулық үлкен сегіз тарауға және жиырма параграфқа бөлінген. Туған өлкенің аңыз-әңгімелері мен жәдігерлері, тарихи тұлғалары мен табиғаты, өсімдіктері және т.б. құндылықтары туралы мағлұматтар берілген. Оқулық әр түрлі бағыттағы ғылыми, мәдени, ақпараттық, психологиялық сараптамалардан өтті. Бүгінгі күні облыстың қазақ және орыс тілді мектептерінде оқытылып жатыр. Нәтижесінде мектеп оқушылары Ертіс-Баян өңірінің бұған дейін көз жетпеген құпияларына қанық болуда деп ойлаймын. Осы өлкетану жобасы аясында тұңғыш рет «Ертіс-Баян өңірінің тарихи 100 тұлғасы» атты тарихи-танымдық қысқаметражды фильмдер сериясын түсіруді қолға алдық. Өткен жылдың сәуірінде алғашқы кезеңін аяқтап, академик Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойы қарсаңында тұсауын кестік. Деректі фильмдерге Бұқар жырау, Малайсары, Жасыбай, Олжабай, Баян батырлар, Сұлтанбет сұлтан, Мұса Шорманұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Естай Беркімбайұлы, Григорий Потанин, Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Шәкен Айманов, Кемел Ақышев және т.б. біздің жердің ең көрнекті тарихи тұлғалары арқау болды. Сөз ретіне қарай айта кетейін, осы фильмдердің жалғасы ретінде қазір тағы 25 фильмді аяқтап қалдық. Сөйтіп, бұл фильмдердің жалпы саны 75-ке жетіп отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 3 жылдығына орай тұсаукесер жасаймыз деген ойымыз болған. Алайда, қазіргі әлемде болып жатқан «дүлей дерттің» әсеріне байланысты көп мәселе кейінге шегеріліп жатқаны өзіңізге белгілі. Ең бастысы - осы індеттен жер жүзі тазарсын деп Алладан тілейік. Қазақ Елі бұл сынақтан сүрінбей өтеді деген сенімдеміз.
- Бағдарлама аясында қандай тың ойларыңыз бар? Тағы да жаңа жобалар қолға алына ма?
-Биыл қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін көп дүние есте қалар елеулі жыл болып отыр. Әлемнің екінші ұстазы, данышпан Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын хал-қадірімізше ұлықтап жатырмыз. Сондай-ақ, Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толды. Осыған байланысты, «Margulan Centre» орталығының ғалымдары Алтын орда көшпенділерінің киелі орталығы болып табылатын Әулиекөл қорымы кесенелерін зерттеу және сақтау, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қолға алмақ. Бұл – Екібастұз ауылдық аймағы Ақкөл-Жайылма маңында орналасқан. Атақты Естай Беркімбаевтың кіндік қаны тамған жер. Айтпақшы, 2018 жылдың желтоқсан айында атақты ақынның 150 жылдық мерейтойын Павлодар облысының делегациясы Түркияның Стамбұл және Анкара қалаларында атап өттік. Әрине, бұл мерейтойдың шетелде өтуіне Түрксойдың бас директоры, қазақ мәдениетінің шын жанашыры Дүйсен Қасейінов себепкер болды. Сұрағыңа оралатын болсам, еліміздің астанасында Қазақтың Қанышы атанған, планетарлық деңгейдегі тұлға, академик Сәтбаевқа ескерткіш орнату мәселесі қазір өзекті болып тұр. Мәселе облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың араласуымен шешіледі. Мен ғалымның ауылдасы ғана емес, аталас туысы және Қ.Сәтбаев атындағы Халықаралық қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде қуана қолдаймын. Әрине, бір сұхбатта барлық жасалған іс-шараларды қамту мүмкін емес. Республикалық деңгейдегі газет-журналдар бетіне біраз материалдар жарияланған болатын. Бұның барлығы - ұлтымыздың еңсесін тіктеп, тамырымызды тану жолындағы бастамалар. Әрі тарихи ақиқатқа көз жеткізіп, оны тереңінен зерттеп, зерделеу жолындағы жасалған қадамдар. ПМПУ болашақ жастардың ұлттық санасы мен рухын қалыптастыру жолында атқарылып жатқан игі істерден қалыс қалмайтыны анық.
- Дегенмен, осы үш жыл ішінде не мәселеге көңіл аударылмады? Немесе ойда жүрсе де орындалмай қалған қандай жобалар бар?
- Әрине ондай мәселелер баршылық. Мысалы, өткен жылы бүкіл әлемді шарлаған археолог-ғалым Кемел Ақышевтің «Алтын Адам» мүсінін ашқанына тура жарты ғасыр -50 жыл толды. Атақты ғалымның өзі тірі болғанда 95 жасқа толар еді. Туған ауылы Баянауылдың Керегетасында белгітас қоймақшы болдық. Осы мәселені облыс әкімдігінде көтерген болатынмын. Алайда, жүзеге асыруға сәті түспеді. Сонымен қатар, Әбікей және Сәтбай қажының тағы екі дүлдүлі - Әбдікәрім мен Бөкештер 37-нің қырғынында атылып кетті. Осындай дүлдүлдер туған жерде Қаныштың да кіндік қаны тамған. Осы жерлерді жаңадан көтеріп, жаңғырту үшін арнайы жоба жасалды. Бірақ, қаржы мәселесі шешілмегендіктен соңына дейін жеткізе алмай жатқан жайымыз бар. Бұл – бұрынғы «Ақкелін» (қазіргі Мұса Шорман) ауылы. Яғни, жоғарыда айтқан Мұса Шорманұлы, әкесі Шорман би, баласы Сәдуақас Шорманов туған жер. Қазақтың тағы бір мақтанышы - Шоқан Уәлиханов та осы ауылға нағашы жұртым деп келіп тұрған. Шоқанның анасы Зейнеп - Шорман бидің қызы. Осы әулетке атақты әнші Майра Шамсутдинова келін боп түскен. Сондай-ақ, «көмекей әулие» атанған Бұқар бабамыздың жатқан жері де осы ауылдың дәл қасы. Мұндай жерді қалай киелі емес деп айта аласың? Қолдан келген бір шаруа мынау: осы тарихи тұлғаларға арналып, ауылымызда салынған жаңа мәдениет үйінің ішінен «Туған жердің тарихи тұлғалары» атты музей аштық. Сөз соңында айтарым, мен Баян елін көп жылдан бері зерттеп келемін. Міне, соның нәтижесінде жинақталған еңбектерімізді бір жүйеге келтіріп, 5 томдық «Баянаула перзенттері» атты жинақ шығаруды қолға алдық. Алла жазса, жарыққа шығаруға дайындап жатқан жағдайымыз бар. - Уақыт бөліп сұхбаттасқаны-ңызға рақмет!
Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.
Мақала http://saryarka-samaly.kz/index.php?id=3756 сайтынан алынды.