Өңірлік коммуникациялар қызметінде ППУ ректоры баспасөз конференциясын өткізді
07.06.2021
Бүгін Павлодар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Жанбол Жилбаев Павлодар облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің тікелей эфирінде сұхбат жүргізді. Журналистерге арналған баспасөз мәслихатында ректор Павлодар педагогикалық университетінің осы күнге дейін атқарған жұмыстары мен жетістіктері туралы тоқталып, алдағы жоспарлары туралы бөлісті.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының педагог мәртебесін бекіту жөніндегі бастамасы қазіргі таңда еліміздегі еңбек етіп жатқан мұғалімдерге үлкен мүмкіндіктер сыйлап отыр. Соның бір дәлелі ретінде соңғы жылдары Павлодар педагогикалық университетінде орын алған оң өзгерістерді атап өтуге болады. Ордалы оқу орны білім саласындағы жаңа талаптарға сай білікті педагог кадрларды даярлауда тиімді оқыту жүйесі мен тәсілдерін қолдануда. Бірінші кезекте бұл университет бағдарламаларын мектепте білім берудің жаңа мазмұнымен үйлестіру, оқытудың жаңа технологияларын енгізу. Шыны керек, соңғы кезеңде мектепте берілетін білім бағдарламалары мен оқыту жүйесі қарқынды дамып, жоғары оқу орнының ұсынатын талаптарымен сәйкестігі төмендеп бара жатқаны рас. Сондықтан да біздің университет Павлодар облысының білім басқармасымен ортақ меморандум жасап, сол меморандум аясында қала мектептерімен байланысты күшейтіп, әлеуметтік әріптестікті дамытуда.
Соңғы жылдары мектеп түлектерінің мұғалім мамандығына деген қызығушылығының артқаны байқалады. Осы орайда аймақтағы ұстаздар ұстаханасы – Павлодар педагогикалық университетіне түсем деп ниет білдірген студенттер контингентінің де өсімі елеулі. Қазіргі таңда университетте 80-ге жуық "Алтын белгі" иегерлері білім алуда. Бұл көрсеткіш жылдан жылға күн санап артуда. Еліміздегі мұғалім мәртебесінің өсуімен қатар, педагогикалық мамандықтарда білім алатын студенттердің шәкіртақысы да көтерілді. Бүгінде бұл көрсеткіш бакалавриат үшін – 42000 теңге, магистратура үшін – 66913 теңге, докторантура үшін – 150000 теңгені құрайды.
Павлодар педагогикалық университетінде мұғалім мамандарды даярлау 53 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады, оның ішінде 27 бакалавриат, 18 магистратура және 8 докторантура білім бағдарламалары бар.
"Атамекен" ҰКП рейтингісі бойынша 2020 жылы ППУ-дың 6 білім беру бағдарламасы республика бойынша үздік ондыққа кірді. Рейтингтің негізгі екпіні – түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші болып табылады. Бүгінде ол 94%-дық көрсеткішті құрайды, оның ішінде түлектердің 90%-дан астамы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бірінші жылы жұмысқа орналасады екен. Сонымен қатар, университет тек Павлодар өңірін ғана емес, облысқа жақын жерлерді де педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етеді. Бұл ретте түлектердің 85%-ы Павлодар облысының білім беру мекемелерінде мұғалім болып жұмыс істеуге қалады.
Осының бәрі педагогикалық білім беру саласында жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың нәтижесі екеніне сенімдімін. Мұғалімнің мәртебесі, жалақысы көтерілді, педагогикалық мамандықтар студенттерінің стипендиясы көбейді, еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындарына түсуге қойылатын талаптар күшейтілді. Бұның бәрі біздің университеттің қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттырады, -деп атап өтті басқарма төрағасы – ректор Ж.Жилбаев.
Модератор Асқар Ғазиз:
Өңірде жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша педагог кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін қалай шешесіз?
Басқарма төрағасы – ректор Жанбол Жилбаев:
Білім басқармасы мен университет арасындағы меморандум бойынша дуалды оқыту әдісімен педагог кадрларды даярлауға кірістік. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және бастауыш білім беру әдістемесімен жоғары білім алу үшін колледж түлектері қабылданады. Сонымен қатар, педагогикалық емес, кәсіби білімі барларға қайта даярлау бағдарламасын аштық. Ондағы оқу мерзімі – бір жыл, оқуды аяқтағаннан кейін сертификат беріледі.
Модератор Асқар Ғазиз:
Білім беруді жаңғырту үдерістері студенттерді оқу мен тәжірибені ұштастыруға бағытталады, бұл мәселе сіздің университетіңізде қалай шешілуде?
Басқарма төрағасы – ректор Жанбол Жилбаев:
1-курста практикадан өту кезінде студенттерде мұғалімнің кәсіби қызметінің негізгі бағыттары мен ерекшеліктері туралы тұтас түсінік қалыптасады. Екінші курс практикасы білім беру процесін психологиялық-педагогикалық қолдау саласында практикалық дағдылар мен дағдыларды қалыптастырады. Үшінші курста оқу-тәрбие жұмысының тәжірибелік білігі қалыптасады. Төртінші курста студент мұғалімнің функцияларын өз бетінше орындауға дайындық жүргізеді.
Азамат Айтхалин, Ирбис телеарнасы:
Бүгінгі күні жоғары оқу орындары жеке үлгідегі дипломдарды береді, сіздер сол дипломдарды қай жерде дайындауды жоспарлап отырсыздар?
Басқарма төрағасы – ректор Жанбол Жилбаев:
Сұрағыңызға рахмет! Диплом бланкілерін дайындауға кіріспес бұрын жоғары оқу орнында дизайн әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілді, шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындарының диплом бланкілері зерделенді. Бланкілерді дайындау үшін тәжірибесі мол және сенімді серіктес ретінде ҚР Ұлттық банкінің банкнот фабрикасын таңдадық. Сондықтан біздің дипломдарымызды қорғау құралдарында күмән жоқ.
Баспасөз конференциясында жарналситер тарапынан өзге де көптеген сұрақтар қойылып, толыққанды жауап алынды. Ректор өз сөзінде университеттің келешегі жайындағы жан жақты ойын білдіріп, жоспарларымен бөлісті.