Перейти к содержимому страницы.

РЕКТОР МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖҰМЫСЫ ТУРАЛЫ ЕСЕП БЕРДІ

29.11.2023

Бүгін Марғұлан Университетінде Ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтіп, онда университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев 2022-2023 оқу жылында атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Сонымен қатар, келесі оқу жылына қойылған жоспарлар мен негізгі міндеттері туралы баяндады. Есептік жиынға мәслихат депутаттары, орта мектеп басшылары, университеттің басқарма мүшелері, ардагерлер, ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттер қатысты.

Ректор өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға баса назар аударды. «Қазақстандағы педагогикалық жоғары оқу орындары бүгінде ондаған жылдар бойы әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени дамудың басымдықтарын анықтай отырып, ел болашағын дамытудағы ерекше маңызды миссияны атқаруда. Бізге жас ұрпақтың санасына «Адал Азамат» адамгершілік-интеллектуалдық құндылықтар жүйесін қалыптастыру жауапкершілігі жүктеліп отыр», - деп атап өтті Жанбол Октябрьұлы.

Жанбол Жилбаев Марғұлан Университетінің ғылыми-зерттеу, білім беру қызметінің нәтижелеріне талдау жасап, алдағы оқу жылында күтілетін стратегиялық басымдықтарына назар аударды. Жоғары оқу орнының кадрлық әлеуеті мамандарды дайындау сапасына тікелей әсер ететін және білім беру үдерісін жүзеге асырудың ең маңызды шарты болып табылады. Соңғы 3 жылда мықты студенттерді тарту және дуальды оқыту формасын дамыту бағытында біршама жұмыстар атқарылды. «Сапалы мазмұнсыз мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесін трансформациялау мүмкін емес. Біздің алдымызда тұрған міндет – қоғамдағы, еңбек нарығындағы өзгерістерге жауап беру ғана емес, осы өзгерістерді болжап, нәтижесін алдын ала жоспарлау», - деді ректор.

 Еліміздегі жетекші педагогикалық оқу орындардың бірі - Марғұлан университетінде білім беру бағдарламаларын жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл маңызды емес мамандықтарды алып тастауға мүмкіндік берді: егер 2021 жылы 82 білім беру бағдарламасы болса, 2023 жылы 66. ЖОО-ны трансформациялаудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін педагогикалық «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласын» құру жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстың нәтижесінде заман талабына сай келетін 6 бірегей инновациялық білім беру бағдарламасы құрылды: «Дене шынықтыру және сауықтыру тәрбиесі», «Киберматематика», «Арт- білім және кәсіпкерлік», «Интерактивті тарих», «Ағылшын тілі және әдебиет, медиадидактика» және «Қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі».

Соңғы 3 жылда ребрендинг, қолданыстағы білім беру бағдарламаларын жаңғырту және инновациялық бағдарламаларды құру бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. 2021 жылдан бастап университеттің 10 ғалымы Дүниежүзілік банк пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Педагогтардың білім беру әлеуетін күшейту» жобасының әзірлеушілер тобына енді.

Жобаның 2 жылы ішінде 30 БББ әзірленді, олар 2023 жылдың қыркүйегінде барлық педагогикалық жоғары оқу орындарында пилоттық түрде енгізіле бастады. Сондай-ақ жоба аясында Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындарының 900 оқытушысы жаңа технологиялар мен оқыту әдістемелері бойынша оқытылды. Павлодар облысында кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін 7 білім беру бағдарламасы бойынша мұғалімдерді қайта даярлау бағдарламасы ашылды.

Университеттің академиялық жетістіктерінің маңызды қозғаушы күші - студенттер үшін инклюзивті орта мен мүмкіндіктер кеңістігін құру болып табылады. «Балабақша – мектеп – колледж – университет» үздіксіз білім беру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ерекше қажеттіліктері бар балаларды түзету және қолдау орталығы ашылды. Оның негізінде «Жалпы және қосымша білім беру жүйесінде инклюзивті информатиканы оқыту әдістемесі менталды бұзылыстары бар балаларға кәсіптік бағдар берудің шарты» атты үлкен ғылыми жоба жүзеге асырылуда.

Ректор өз баяндамасында университеттің пилоттық жобаларды жүзеге асыруға қатысуына көп көңіл бөлді. Бұл Дүниежүзілік банк пен Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Педагогикалық білім беру әлеуетін күшейту» жобасы аясында 30 білім беру бағдарламасын әзірлеу, Қазақстан Республикасының 4 пилоттық университетімен бірлесіп интегралды GPA енгізу. Мұғалімдік мамандықтардың өңірлік картасын құру бойынша «Мамандығым болашағым» жобасы аясында 5 инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленді.

«Бүгінде тек университет болу жеткіліксіз, ғылыми-зерттеу хабы, жаңа технологиялар мен инновациялар орталығы болу қажет. Осының барлығы университеттің академиялық шеберлік орталығы ретінде қалыптасуына артықшылық береді», - деп атап өтті Жанбол Октябрьұлы.

Университеттегі инновациялардың бірі - 2023 жылы педагогикалық, қолданбалы педагогика және психология саласындағы ғылыми зерттеулерді біріктіретін педагогикалық ғылыми-технологиялық парктің құрылуы болды. «Технопарк идеясы Қазақстан үшін де, шетел үшін де жаңалық емес, бірақ педагогикалық бағыттағы технопарк құру қазақстандық білім беру жүйесін реформалау аясында ерекше өзекті болып табылады. Технопарк педагогикалық университетке заманауи білім беру мәселелері мен қажеттіліктерінің алдыңғы қатарында болуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Жанбол Октябрьұлы.

Университет қызметінің маңызды бағыттарының бірі студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын жүзеге асыру арқылы университетті интернационалдандыру және сыртқы білім нарығына интеграциялау болып табылады. Марғұлан Университетіне шетелдік ғалымдарды шақыру бағдарламасы аясында АҚШ, Польша, Германия, Болгария, Пәкістан, Ресей Федерациясы, Түркия және т.б. елдерден мамандар дәріс оқиды. ЖОО 120 шетелдік университеттермен және ұйымдармен әріптестік байланыста.

2022 жылы Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Пәкістан университеттерімен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Гонконг, Корея және Германия университеттерімен меморандумға қол қою жоспарлануда. Литва, Түркия және Өзбекстан университеттерімен қос дипломды жүзеге асыру туралы келісімдер, сондай-ақ Түркия және Греция университеттерімен Эрасмус академиялық алмасу бағдарламасын жүзеге асыру туралы екіжақты келісімдерге қол қойылды. Қазіргі таңда Корея және Қытай университеттерімен келісім-шарттар жасау жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары: қос дипломдық бағдарламалар, академиялық ұтқырлық, профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру, ғылыми тағылымдамадан өту, бірлескен ғылыми зерттеулер және т.б.

Тәрбие процесінің құрамдас бөлігі тәрбие жұмысы болып табылады. Өткен жылы біздің университет студенттердің академиялық жетістіктерінен басқа, ғылыми-зерттеу, әлеуметтік және спорттық қызметтегі құзыреттердің көрсеткіштерін қамтитын GPA интегралды жүйесін енгізген елдегі пилоттық университеттердің қатарында болды. Министрліктің тамыз конференциясында университет тәжірибесі сәтті деп танылып, қазір еліміздің барлық университеттерінде енгізілуде.

Студенттердің көшбасшылық әлеуетін дамыту және оларды қоғамдық пайдалы іс-әрекетке тарту үшін биылғы жылы «Шамшырақ» көшбасшылар академиясы ашылды. Ол «Толық адам» тұжырымдамасы аясында жұмыс істейді және студенттерге 3 бағыт бойынша құзыреттер береді: Soft Skills, Hard Skills және Technical Skills. Студенттік клубтар мен ұйымдардың саны мен белсенділігі артып келеді. Шәкірттеріміз халықаралық, республикалық жарыстарда облыстың және еліміздің намысын жоғары деңгейде қорғап жүр. Биылғы жылы 2 студент - Азия ойындарының жүлдегері, 4 студент - әлем чемпионы, 9 студент - Азия чемпионы және 12 студент - Қазақстан чемпионы атанды. Студенттердің, шығармашылық ұйымдардың және спортшылардың жетістіктері олардың іс-шараларға және жарыстарға бару шығындарының артуы есебінен мүмкін болды.

Университеттің қазіргі таңдағы бағыттарының бірі – материалдық-техникалық базаны нығайту, оқу кабинеттері мен құрылымдарын жөндеу және қайта жабдықтау. Айта кету керек, жаңа оқу жылынан бастап педагогикалық қызметкерлердің лауазымдық жалақылары тағы да көтерілді. Ғылыми дәреже алу үшін мемлекет кепілдік берген қосымша төлемдерден басқа, профессорлық-оқытушылық құрамның тиімді қызметін ынталандыру мақсатында университет өз қаражаты есебінен ғылыми атаққа және еңбек өтіліне қосымша төлемдер жүргізеді, сондай-ақ KPI және мемлекеттік мерекелер үшін бонустар төлейді.

Жанбол Жилбаев 2023-2024 оқу жылында университеттің стратегиялық дамуы бойынша команда алдына міндеттер қойды. Бұл білім мен ғылымның жаһандық мәселелерін шешуде, жаңа білім беру жағдайлары мен еңбек нарығына бейімделуге қабілетті жаңа формациядағы мұғалімдерді дайындауда университеттің әлеуетін арттыру.

Философия ғылымдарының докторы, доцент Қуанышғали Нығметжанов соңғы жылдары университетте академиялық ұтқырлықты, халықаралық ынтымақтастықты дамытуда, профессорлық-оқытушылар құрамын ынталандыру жүйесінде айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өтті. Кездесуге қатысушылар ректордың университеттің білім беру, ғылыми, инновациялық қызметі, кадрлық әлеуетін дамыту жөніндегі баяндамасын жоғары бағалап, ұсыныстарын қолдады.

Университетте алтыншы жыл қатарынан жұмыс істеп келе жатқан доцент, қауымдастырылған профессор Элла Сәрсембаева университетте білім және ғылым сапасын көтеру, сапалы педагогикалық кадр даярлау жолында айтарлықтай оң өзгерістердің болып жатқанын айтты. Бұл оқу кабинеттерді, асханаларды жөндеу және жабдықтау, мұғалімдер мен студенттердің халықаралық ұтқырлығы, жұмыс берушілермен тығыз байланыс, педагогикалық ұжымның материалдық және психологиялық мотивациясы және т.б.

"Біз бас корпустың бас корпустың кіреберісінде салынып жатқан жаңа ғимараттың ашылуын асыға күтудеміз. Жаңартылған кіреберістің қаншалықты заманауи және қолайлы болатынын қазірдің өзінде көріп отырмыз. Еліміздің келешегі саналатын жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алу жолында аянбй еңбек етіп жатқан университеттің басшылық құрамына алғысымызды білдіреміз", - деді ол.