Перейти к содержимому страницы.

ППУ-да Ғылым декадасының қорытындысы шығарылды

21.04.2021

Павлодар педагогикалық университетінде 12-22 сәуір аралығында студенттердің ғылыми онкүндігі өтіп жатыр.

Университет ғалымдары мен оқытушылары декада шеңберінде «Ғылыми мақаланы қалай жазу керек?», «Билингвизм мен полилингвизмді зерттеуге арналған эмпирикалық тәсілдер», «Web of Science интерфейсінің жаңа мүмкіндіктері», «Ә.Бөкейхановтың өмірі мен қызметі туралы» семинарлары мен «География ғылымының өзекті мәселелері», «Қазіргі қоғамдағы тұлғаның психологиялық қауіпсіздігі» дөңгелек үстелдеріне қатысты. Студенттер арасында «UNIVERSITY STARS – 2021», «Ғажайып химия», «Эрудиттер жекпе-жегі», «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалды ойындары өткізілді. Е.Бехмаханов атындағы ғылыми кітапханасы онкүндік аясында кітап көрмелерін ұйымдастырды. Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, ақын Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай «Ұлы ұстаз ұлағаты», қазақ әдебиетінің белгілі тұлғасы, ойшыл, философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Мәшһүр туралы сөз» ашық дәрістері өткізілді; Жерлесіміз, әйгілі жазушы және аудармашы Зейтін Ақышевтің 110 жылдығына арналған «Ойы терең, қаламы қарымды жазушы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы болды; «К. Сәтбаев – әлемге әйгілі адам» ақпараттық күні өткізілді.

Биология ғылымдарының докторы, ППУ профессоры Абимулдина С.Т. мектеп оқушыларына қызықты биология туралы дәріс өткізді. Ғылым декадасы аясында өткізіліп жатқан мұндай кездесулердің оқушылар үшін мәнісі зор.  

Студенттердің білім және ғылыми мотивацияларын дамыту және қолдау мақсатында «Менің ғылыми портфолиом» конкурсы, «Үздік ғылыми зерттеулер» Халықаралық ғылыми-зерттеу байқауы, б.ғ.к., профессор З.А Рымжанованың 70 жылдығына «Facets of science» байқаулары ұйымдастырылып өткізілді.   

Бұл күндері онкүндіктің басты іс-шарасы – "Педагогтерді цифрлық буынмен жұмыс істеуге дайындау" Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтуде. Конференцияға Түркия, Мәскеу, Тәжікстан, Эстония елдерінен ғалымдар қатысуда.

Конференцияның негізгі бағыттары – жалпы және инклюзивті білім беру жүйесіндегі цифрлық перспективалар; білім беруді цифрландыру жағдайында жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін оқытудың қазіргі мәселелері; цифрлық ұрпақпен жұмыс жасау үшін шығармашылық мамандықтарды дайындау; цифрландыру жағдайындағы гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелері; цифрлық ұрпақтың мәдениетаралық байланысы.

22 сәуірде жас ғалымдардың, магистранттардың, студенттердің және мектеп оқушыларының «Мұғалімді цифрлы ұрпақпен жұмыс істеуге дайындау» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын қорытындылау және онкүндік аясында өткізілген конкурстардың жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтеді.

dekada

dekada2

dekada3

dekada4

dekada5

dekada6