Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК БІЛІМ БЕРУ СТАНДАРТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

16.01.2024

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Мемлекеттік білім беру стандартының 2025 ерекшеліктері» тақырыбында пікір-талас алаңы өтті. Оған Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов қатысты. Диалог алаңының негізгі мақсаты - орта білім саласы бойынша мемлекеттік білім беру стандарттарын талқылау және мұғалімдердің білім сапасын арттыру жөніндегі ұсыныстарды қабылдау. Кездесуді Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев ашып, педагогикалық университеттің орта мектептермен ынтымақтастық және әріптестік байланысына тоқталды.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұстаздар съезінде оқу бағдарламаларын жаңғырту қажеттігін және мектеп пен жоғары оқу орындарының бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өткен болатын. Бүгінгі таңда Марғұлан университеті мектптермен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтсақ университетке қарасты 116 практикалық база, 13 қосалқы мектеп, 5 мектепте оқыту сыныптары жұмыс істейді. Жақында Железин ауылында қыздарға арналған гимназия ашылды. Мұның бәрі мектеп пен университеттің тығыз ынтымақтастығын, оқу-тәрбие үдерісі мен мұғалімдердің білім сапасын арттыруға деген ортақ мақсатымызды көрсетеді, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Кездесуге облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының директоры Роза Әшімбетова, педагогикалық шеберлік орталығы Павлодар облыстық филиалының басшысы Нұрлан Сарбасов және мектеп директорлары қатысты.

- Биылғы жыл білім саласына тікелей қатысты мазмұнды құжатты талқылаудан басталды. Бұл жоғары білім беру саласы мен орта білім беру жүйесінің бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, қоян қолтық жұмыс жүргізудің бастамасы деп білемін. Бүгін сол екі жүйені біріктіретін маңызды құжат – Жалпыға міндетті білім беру стандарттары төңірегінде әңгіме өрбітеміз. Жалпы білім беру мазмұны дегеніміз не дегенде ең біріншіден санамызда қатып қалған үлгілік оқу жоспары деп түсініп жүрміз. Ол жоспардың төркініне үңілер болсақ, 1970-80 жылдарға ораламыз. Яғни, КСРО-да сол кезде үлкен білім беру реформалары жүзеге асырылған. Ол заман қазіргідей тың өзгерістерге тән емес еді. Бір жасалған білім беру жүйесі шамамен 30-35 жылға дейін жұмыс істейтін. Ал қазір заман өзгерді. Соған сәйкес оқулық бетіндегі деректер мен тапсырмалар да жаңарып жатыр. Соған байланысты өз білімдерімізді үнемі жаңартып отыруымыз керек, - дейді Руслан Әділханұлы.
Руслан Қаратабанов өз сөзінде болашақта барлық мектептерге академиялық еркіндік берілетінін атап өтті. Сонымен қатар, Солтүстік және Шығыс өңірлерінде көптеген ата-аналар б алаларын қазақша үйрету үшін қазақ мектептеріне береді.Бірақ, көп жағдайда бір сыныпты оқығаннан кейін оқу үлгеріміне байланысты қайтып алып кетіп жатады. Міне, осы үрдісті тоқтату мақсатында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, мұғалімдер де өз стилін, әдістемесін өзгертіп, баланың жағдайына қарай әрекет жасау қажет, - деп атап өтті.

Спикердің мемлекеттік білім беру стандарттарын талқылау, талдау бағытындағы дәрісі ұстаздар қауымына көптеген бастамалар мен идеялар алып келгенін аңғаруға болады. Себебі, жиын соңында қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар түсіп, ұсыныстар айтылды. Қатысушылар тарапынан түскен сұрақтарға да толық жауап берілді.